Ел Шоңы. Бесінді. III кітап. Қанат Жойқынбектегі
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ел Шоңы. Бесінді. III кітап - Қанат Жойқынбектегі страница 1
© Қанат Жойқынбектегі, 2021
© Анна Семенова, дизайн обложки, 2021
ISBN 978-5-0055-4949-5 (т. 3)
ISBN 978-5-0055-4948-8
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Арқадан – Алатауға
Шоңның Ақмоладан келіп отырғанына үш күн ғана өткенде, қасында жеті-сегіз болысы бар, Карбышев келе қалды. Шоң бұл келістің себебін білмеді. Сұраған да жоқ. Бар айтқаны:
– Жолдарыңыз болсын! – деді.
– Біз оңтүстікке жүріп барамыз, Верныйға. Сонда Түркістан генерал—губернаторы бір жиналыс өткізетін көрінеді. Соған барамыз. Шоң Телқозинович, сіз де бізбен бірге жүресіз, – деді Карбышев. Бұдан басқа түк айтқан жоқ. Содан сол күні Шоң үйіне қонып, ертеңіне Шоңды ертіп, олар әрі қарай жүріп кеткен.
Бәрі салт атты болатын. Шоң да бір жүйрік, жорға атына мінген еді. Былай шыққан соң Шоң Карбышевтің не шаруамен бара жатқанын басқа болыстардан оңашалап сұраған еді. Ол айтқан, Омбыдан генерал-губер- натор Хриситан Густавичтен хат келді. «Ол жаққа мен де баруым керек еді, денсаулығыма байланысты бара алмайтын. Верныйға Түркістан генерал-губернаторы Кауфман келеді. Сонымен жолығасың деді. Соған жеті-сегіз таңдаулы болыстарды ертіп алып бар» деп қана жазыпты. Мен мыналарға айтқам жоқ, бірақ саған айтайын, Жетісуға көшіп барған казактарға жүйрік аттар керек көрінеді. Көп болып соны жинап беріңдер дейді. Мыналар естімей-ақ қойсын. Барған соң генерал-губернатордың өз аузынан естісін, саған ғана айтып тұрмын. Шоңның есінде, баяғыда бес-алты жастағы бала кезінде бір топ казак-орыс әскерлері шығып, Нұра бойында тұрған елден, жүйрік аттарын тартып алған еді. Ол есте қалыпты. Енді мынадай жасағалы отыр. Күш көрсетпей, өздерінен сұрап алмақшы. Шоң бұған қуанып қалды. Патша саясатында қазақтарға деген бір өзгеріс болғанын білгендей болды.
Мына ояздың айтуына қарағанда, күшпен емес, болыстармен ақылдасып сұрап отырғанын білгенде, Шоң көңілінде бұған бір ризалық пайда болды. Бәрібір алады екен, елді дүрліктіріп жүргенше осынысы дұрыс деп білген. Патшаның айтуымен, генерал-губернатор тілек етті дейді. Мұнысы қазақтармен де санаса бастағаны екен деп түсінген.
Олар Қараағаштан шыққаннан кейін Ақтау маңайында отырған Сайдалылардан бір тамақтанып алып әрі қарай жүріп кеткен еді. Күн бесіндіктен асып бара жатқан шақ болатын. Оңтүстіктен үйіріліп келіп, катты жауын құйып кетті. Бұларды бастап келе жатқан казак-орыстан Карбышев алда қандай ауыл бар екенін сұраған еді. Ол бұл жақтың жолын жақсы біледі екен: «Бұл маңда ел аз отырады. Алдымызда тек киргиздардың Шұбыртпалы деген рулары ғана тұрады». Шұбыртпалылықтар атын естігенде Карбышев елең ете қалды: «Олар әлгі Ағыбайдың туысқандары емес пе?»
– Дәл өзі! – деді казак.
– Олар біздің нағыз жау ғой, – деді Карбышев. Ағыбайды екі баласын тұтқындатып Сібірге айдатып жібергені есіне түскен болуы керек, – ендеше осы бойымызбен жүре берейік, – деді.
Шоң алдында Қояншы-Тағайдың болысы Аянның тілегі бойынша Омбыдағы генерал-губернаторға хат жазып, одан ешқандай жауап болмаған соң, қойған еді. Содан кейін Санкт-Петербургтен келген Карповтың досы Лавровқа Ағыбай балаларын тұтқындап алып кеткенін, оның екі халық арасында реніш туғызудан басқа ешқандай пайдасы жоқ екенін айтқан. Ол адам талап қылып көремін деп уәде етіп кеткен. Ағыбайдың екі баласы сол Лавровтың арқасында босанғанын Шоңның іші сезетін. Алайда, бұл іске Лавровтың араласқанын Карбышев білмейтін. Ағыбай балалары босатылып келгенде ояз таң қалған еді. Карбышев губернатордың емес, патша маңайындағылардың нұсқауымен босанғанын естігенде, түк жасай алмай қойған. Қазір Шұбыртпалылар аулы дегенде қатты қорқып кетті.
– Мен Шұбыртпалылар аулына қонбаймын. Олар маған бір қастандық жасауы мүмікін. Әрі қарай жүре берейік, – деді ояз.
Қасындағы жол бастап келе жатқан казак-орыс айтты: «Анау Балқашқа дейін тұратын осы Шұбыртпалылар, солардың бірінің үйіне қону керек. Мына қатты жауында бұлай жүре беруге болмайды». Казак-орыстың сөзіне қосылып Шоң айтқан:
– Семен Иванович, Ағыбай балаларының үйіне қонбаймыз. Шұбыртпалылар үлкен ел. Солдардың бірінікіне барып қонамыз. – Мына сөзден кейін Карбышев тынышталғандай болды.
Ымырт жабылғалы әлдеқашан. Жауын тіптен күшейе түскен еді. Қарсыдан қарауытып көрінген киіз үй қасына келіп тоқтады бұлар. Бәрі үйге кірді. Бұл Ағыбайдың үлкен баласы Аманжолдың үйі екен. Шоңды көріп орнынан ұшып тұрып келіп, қолын берді. Өткен жолы Қояншы-Тағайлардың болысымен келгенде Шоңмен танысып қалған. Сол таныстығын көрсетіп, қолын беріп тұр еді.
Бұрын Ақтау болысында істеген казак-орыс Аманжолды танып Карбышевке айтқан еді сол арада. Ол бұны естіп қатты ашуланды. Әлгі амандасуынан кейін Шоң әдейі әкеп отырғандай көрді. Карбышев орысшалап айтқан:
– Мен бұл үйде жата алмаймын. Басқа үйге барып жатайық.