Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы. Гүлжан Беделова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы - Гүлжан Беделова страница 13
Плано Карпиниден кейін 1249 жылы Қорақорымға «қасиетті» Людовик IX корольдың елшісі, францискандық монах Андре Лонжюмо барады. Бірақ, оның саяхаты жөнінде мәлімет қалмаған, ол тек өзінің замандастарының еңбектерінде ғана ескеріледі (әсіресе, Рубрук еңбектерінде). Сонымен қатар маңызды дипломатиялық миссияны фламанд Виллием Рейсбрук, французданған аты Гильом Рубрук басқарады (латынша Рубруквис). Рубрук өзіне дейін жүрген еуропалық саяхатшылардың жолымен жүреді, бірақ оның қалдырған мәліметтерінің құндылығы алғашқыларға қарағанда зор. Рубруктың миссиясы Акка қаласынан (солтүстік Палестина)1253 жылы француз королі Қасиетті Людовикпен аттандырылған. Король осы арқылы моңғолдар жағынан жаугершілікті тоқтатқысы келеді.
Францискандықтар доминикандықтарға қарағанда дипломатияда үлкен ептілікті көрсетті. Жоғарыда айтып кеткендей оған мысал: дөрекі және фанатик доминикандық монах, итальяндық Асцелин (Ascelino), ол символикалық «отпен тазарту» дәстүрін орындамайды (ал бұған францискандықтар келіскен) және сол үшін хан ордасына жіберілмейді. Бұл «отпен тазарту» дәстүрі жөнінде Рубрук: «Олар хан сарайына әкелінген барлық заттарды оттан өткізеді және содан өз сыбағаларын алып қалады. Сонымен қатар қайтыс болған адамның заттарын да оттан өткізеді. Осында келген Андрей (монах) және оның жолдастары да оттан екі себептен өту керек болды: біріншіден, олар сыйлықтар әкеле жатты, ал екіншіден, бұл сыйлықтар қайтыс болып кеткен Кен-ханға әкелінген болатын. Ештеңе әкелмегендіктен, менен ондайды талап еткен жоқ», – дейді.
Ендігі кезекте Рубруктың еңбегінен алынған Мөнке ханның француздардың королі Людовикке жіберген хатын қарастырайық: «Міне, маолдар, наймандар, меркіттер, мустелемандар болып келетін – Біз, сендерге айтар сөзіміз келесі, сендер ойда-қырда жүргендерің тыңдаңдар және бәріне жеткізіңдер; менің айтқанымды естіп, түсінгеннен кейін, сенгісі келмей, бізге қарсы әскермен шықса, онда көзі бола тұра көрмей қалады; қандай да бір зат ұстағысы келсе, қолдарынан айырылады, жүргісі келсе, аяқсыз қалады; бұл Құдайдың мәңгілік насихаты. Құдайдың мәңгілік күшімен, ұлы Моңғол халқының атымен, бұл Франктердің патшасына, король Людовикке және басқа да билеушілер мен шіркеулік қызметшілерге, біздің сөздерімізді түсіну үшін Мөңке ханның насихаты. Не Шыңғыс ханның, не одан кейінгі билеушілердің айтқандары сендерге жеткен жоқ. Давид деген адам Моолдардың елшісі ретінде сендерге барды, бірақ ол өтірікші болып шықты және сендер оған елшілеріңді қосып Кен-ханға жібердіңдер. Кен хан қаза болғаннан кейін ғана, жіберген елшілерің оған жетті. Оның әйелі Камус сендерге мата және хат жіберді. Бірақ, қалай бұл иттен де жаман әйел, әскери істер мен әлемдегі жағдайды біле алады? Сендерден Сартаққа келген екі монахты, Сартақ Батыйға жіберді; Мөңке хан Моңғол әлемінің басты ханы болғаннан кейін, Батый оларды бізге жіберді;