Орта ғасырлар тарихы. Рыскелді Мырзабекова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова страница 1
«Орта ғасырлар» термині Италияда ХV-ХVІ ғасырдағы гуманистер арасында пайда болды. Гуманистер тарихты «көне», «орта» және «жаңа» деп мәдениеттің дамуына байланысты бөлгендіктен, бұл термин шартты түрде қолданылып келді.
Әртүрлі халықтарда феодализмге көшу үдерісі бірқалыпты жүрген жоқ. Сондықтан да орта ғасырлар дәуірінің хронологиялық шеңбері де әр түрлі құрылықтарда, тіпті жеке елдерде алуан түрлі болды. Еуропа елдерінде орта ғасырлар ІV ғасырдың екінші жартысында Халықтардың Ұлы Қоныс аудару қозғалысынан басталады. Құлиеленушілік құрылыстың ішкі ыдырауынан және сыртқы фактордың әсерінен Рим империясы құлады. Дағдарыс империяны «варварлар» деп аталатын герман тайпаларының, кейіннен басқа да саяси-этникалық одақтардың алдында қорғансыз етті. Герман тайпаларының баса-көктеп енуі империяның ыдырауына және ол жерде құлиеленушілік құрылыстың жойылуына апарып соқты. Тарихнамада, орта ғасырлар мен жаңа заманның аралығы, Батыс Еуропада капиталистік құрылыс үстемдігіне алып келген ағылшын буржуазиялық революциясы болып есептеледі.
Феодализм де жүздеген жылдар ішінде өзгеріссіз қалған жоқ. Өндіргіш күштердің өсуімен бірге, өндірістік қатынастарға тән ілгерілеушілік те болып жатты, саяси бейнесі өзгеріске ұшырады. Сондықтан тарихнамада орта ғасырлар дәуірін үш кезеңге бөлу ұйғарылған:
а) ерте орта ғасырлар – IV ғасырдан XI ғасырға дейін; бұл кезде феодализм енді қалыптаса бастаған. Бұл үдеріс әлеуметтік жағдайдың күрделенуіне алып келді. Антикалық құлиеленушілік және варварлық рулық-тайпалық құрылыстың іргелі өзгерісі орын алды. Экономикада натуралды шаруашылық қатынастар басым болды.
Жерорта теңізіндегі қалалар Батыс пен Шығыс арасындағы сауда байланыстарының негізгі нүктесі болып, экономикалық орталық ретіндегі сипатын сақтап қала алды. Бұл – өтпелі кезеңнің сипатын иеленген варварлық және ерте феодалдық мемлекеттік бірлестіктердің уақыты.
Рухани өмірде Батыс Рим империясының құлауына байланысты мәдениеттің құлдырауы тән. Жаңа мәдениеттің қалыптасуында Рим мәдениетімен синтез және христиандықтың нығаюы шешуші орын алды. Христиан шіркеуі осы кезеңде қоғамның санасы мен мәдениетіне әсер етіп, антикалық мұра бойынша сіңіру үдерісін жүйелендірді.
ә) Дамыған орта ғасырлар – ХІ ғасырдың орта шенінен XV ғасырдың соңына дейін; феодалдық қатынастардың шарықтау шегі, қалалардың жаппай өсуі, тауар-ақша қатынастарының дамуы, бюргерлердің қалыптасуы. Батыс Еуропаның басым аймағының саяси өмірінде феодалдық бытыраңқылық кезеңінен кейін орталықтандырылған мемлекеттер қалыптаса бастады. Мемлекеттің жаңа түрі – сословиялық өкілеттілігі бар феодалдық монархия пайда болды. Ол орталық билікті күшейту ұстанымын қолдап, сословиялардың белсенділігін өсірді. Мәдени өмір қала мәдениетінің даму белгісімен жүрді. Ол сананың секуляризациясына, білім мен тәжірибенің рационалдығына алып келді. Бұл үдерістерді Қайта Өркендеу мәдениеті мен гуманизм идеологиясы күшейтті.
б) Кейінгі орта ғасырлар – ХV-ХVІ ғасырлар; феодалдық қоғамның негізінде капиталистік қатынастар қалыптаса бастаған кезең. Экономикалық және әлеуметтік өмір феодализмнің ыдырау үдерісімен, ерте капиталистік қатынастардың генезисімен сипатталады. Әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі ірі қақтығыстарға алып келді. Олар өз кезегінде алғашқы буржуазиялық революциялардың жеңісіне әсер етті. Феодалдық мемлекеттердің үшінші түрі – абсолюттік шексіз монархия қалыптасты. Қоғамның рухани өмірін ерте буржуазиялық революциялар, кейінгі гуманизм, Реформация, контрреформация анықтады.
Орта ғасырлар тарихының әрбір сатысы Еуропа территориясында халықтардың ірі қоныс аударуымен байланыста болды. IV-VII ғасырларда – ғұндардың, герман және славян тайпаларының қоныс аударуы; скандинавия, венгр, арабтардың жорықтары, Батыс еуропалықтардың Шығыс пен Шығыс Еуропаға ХІ-ХІІІ ғасырлардағы экспансиясы және де ХV-ХVІ ғасырларда батыс еуропалықтардың Шығысты, Африканы, Американы отарлауы.
Орта ғасырларда жерге феодалдық меншіктің шартты сипаты және сонымен байланысты жерді меншіктеу құқығы қалыптасты. Феодалдық меншіктің дамыған түрі – «феод» (латынша – Ғеойиш), «феодализм» термині осыдан шыққан. Феодализм жерге мұрагерлік жеке меншікті бейнелейді, ол – міндетті түрде әскери қызмет атқарумен, сеньордың пайдасына бірталай міндеткерліктерді орындаумен тығыз байланысты болды. Сеньор және онан кейінгі бағыныштылық баспалдағында тұрған сеньор да заң жүзінде сол феодтың меншігі болып табылады. Қосымша табыстың көзі феодалдық рента еді. Феодалдық жер рентасы – жериеленушілердің тәуелді шаруалары қосымша еңбегінің немесе қосымша өнімінің бір бөлігі. Феодалдық рента феодал меншігіндегі жерді іске пай- даланудың экономикалық формасы міндетін атқарды. Рентаның үш түрі: жұмыс атқару түріндегі рента (барщина), өнімдік рента (оброк), ақша түріндегі рента болды. Көп жағдайда рентаның үш түрі қатар жүрді. Дегенмен, феодализм дамуының әртүрлі кезеңдерінде рентаның бір түрі басым болатын деуге де болады.
Орта ғасырлар тарихымен біздің заманымыздың аралығын ұзақ уақыт бөліп жатыр. Орта ғасырларда Еуропа халықтары,