Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы. Т. Омарбеков
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков страница 14
Әңгіме басында айтып кеттік, Құйғырлардың яғни Яғлақар әулетінің Екінші Шығыс түрік қағанатының тағын басып алуын осы тайпа көсемі Құл –бойла ұйымдастырды. Ол бұл істе, Шығыс Қарлықтарының, Басмылдардың және өзіне бағынатын Ұйғырлардың Қағанатқа қарсы бас көтерулерін тиімді пайдалана білді, және өзін қолдап Телелер бірлестігінен бөліне көшкен алты тайпаға (Бугу, Хұн, Байырқу, Тоңра, Сыға, Киби) сүйеніп байырғы түркілер астанасы орныққан Ханғай тауы мен Орхон өзені аралығында хан ордасын тікті. Жаңа қағанаттың аумағы шығыста Батыс Манчжуриясын қамтыса, оңтүстікте Гоби шөлінің солтүстігінен басталып, батыста Қара Ертіске дейін барды. Әртүрлі соғыс жанжалдарынан шаршаған қағанатты басқарған Құл-бойла қытаймен бейбіт қарым-қатынасты жолға қойды. Осы саясатты оның орнына 747 жылы таққа отырған баласы Мойыншор (Л.Гумилевта-Моянчур Гэлэ-хан) онан ары жалғастырды.
Өздері талқандаған Көктүріктерге әрқашан еліктеген Ұйғырлар төңірегіндегілерді жаулау арқылы мемлекетті нығайтпақ болды. 756 жылы олар Чиктерді (Шектілердің бабаларын), 758 жылы Қидандарды (Қарақытайлардың бабаларын) күшпен бағындырды. Мойыншордың белсенді жорықтары Ұйғырларды күшейте түсті. Ол қайтыс болған соң таққа отырған Идиган хан (759-780) бұрынғы түріктер тәрізді қытайдың солтүстік аймақтарына басып кіріп, тонаушылықпен айналысты. Азамат соғысы жүріп жатқандықтан бұл тұста қытай Ұйғырларға тойтарыс бере алмады. Осыны пайдаланып Идиган қытайға ауқымды жорық жасамақ болды. Алайда Тоғыз оғыз одағына кіретін, және Ұйғырлардың негізгі күшін құрайтын тайпалар қытаймен соғысты қаламады. Нәтижесінде ақсүйектер көтеріліс ұйымдастырып, соғысқұмар Идиганды өлтірді. Енді қағанат тағына кездейсоқ адамдар отыратын кезең басталып, Ұйғырлар билеген қағанат сайланбалы монархияға айналды. Осылайша саяси тұрғыдан әлсірей бастаған қағанат 783 жылдан бастап қытайдың вассалына қалай айналғанын да білмей қалды.
Ұйғырларды өздерінің жағына шығару атты әскерлері аз, және іргедегі Тибетпен ылғи да қырғи-қабақ жағдайда отырған қытайға аса тиімді болды. Тибеттіктер Ұйғырларға амалсыз құл болған шығыс Қарлұқтарын, Енесай қырғыздарын қолдайтындықтан және т.б. түркітілдес тайпалар жағында болғандықтан, Ұйғырлар қытайлықтармен бірігіп, ал қытайлықтар арабтардың халифы Харун-ар-Рашидпен келісіп, ортақ жаумен соғысқа аттанды. Бұл соғыс ұзаққа созылып, ақыры 821 жылы Тибет пен Қытайдың келісімімен аяқталды. Алайда бұдан Ұйғырлар ештеңе ұтқан жоқ. Қағанатқа бағынған тайпалар Ұйғыр ақсүйектерінің өзара айтысты әдетке айналдырған мансапқорлық іс-әрекеттерінен жери бастады. Осылайша, 794 жылы олардан Гоби шөлінің оңтүстік шығысындағы Шато түріктері (Уақтардың бабалары) бөлінсе, ал 835 жылы шығыстағы Татабылар кетті. Тибеттіктердің қолдауымен Қырғыздар қағанатқа қарсы екі рет көтерілді.