Араб тілінің терминологиясы. Анар Мустафаева
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Араб тілінің терминологиясы - Анар Мустафаева страница 6
Алайда Мұхаммед Әли билігі 1849 жылы аяқталған соң, «Тілдер мектебі» жабылды, ал Аударма бюросы екі бөлімшеге бөлінді: араб тілінен және араб тіліне аудару, түрік тілінен және түрік тіліне аудару. Аударма мектебі жабылғандықтан, Аударма бюросы өз кадрларын шет тілін білетін маман-түлектермен толықтыра алмады. Тілдер мектебі өз қызметін тек 1951 жылы қайта жалғастырды, алты жылдан кейін ол Жоғарғы тілдер мектебіне, ал 1973 жылдан бастап Каир қаласындағы Айн-Шамс университетінің күні бүгінге дейін араб және шет тілдерін үйретіп келе жатқан Тілдер факультетіне айналды.
Мұхаммед Әлиден кейін аударма саласында тағы бір серпіліс жасалды. Бейрутта (Ливан) 1876 жылы «әл-Мұқтатаф» журналы құрылды, оның баспасы 1885 жылы Каирге көшірілді. Аталмыш журналдың бірегейлігі жалпы аударманың маңыздылығы мен батыс ғылымдары, өндірістік іс, ғылыми прогресс жетістіктерінің практикалық аудармасына арналған мақалаларында еді. 1914 жылы Египетте аударма және басылым бойынша Комитет құрылды. 1915 жылы «әл-Мұқтатаф» жұмысы тоқтатылды. 1956 жылы қызмет пен ғылымның түрлі салаларында, оның ішінде жоғары білімді арабтандыру, химия, математика, физика, биология және т.б. бойынша әдебиеттер аудармасының бағдарламасымен айналысатын Жоғарғы ғылыми кеңес құрылды. Бұл жұмыстың нәтижесінде, яғни терминология үшін маңызды кітаптарды, ғылымдар бойынша оқулықтарды арабтандыру процесінде шет тілдердегі терминдер жиналып, олардың араб тіліндегі баламалары таңдалды. Египеттегі ғылыми аударма бойынша әл-Ахрам орталығы күні бүгінге дейін математика, химия, технология, медицина, ЭЕМ (электронды есептеу машинасы) және басқа бойынша кітаптар аудармасымен айналысады. Араб тілі академиясы 59-сессияда (1993 жылғы конференция) өз алдына ғылымдарды арабтандыру мен жаңа мамандандырылған сөздіктер шығарылымы бойынша ғылыми мекеме құру міндетін қойды. Өз жұмысын 1953 жылы бастаған аудармашылардың халықаралық одағы үш жылда бір терминология мәселелерін талқылап, туындаған мәселелерді шешу үшін конференция өткізеді. Мұндай конференциялардың бірі 1993 жылы Англияда өтті. Оған Египет, Сирия, Ливан, Иордания, Палестина, Ливия, Алжир, Тунис, Марокко, сонымен қатар Еуропа елдерінің аудармашылары қатысты.
Мұхаммед Амер әт-Туниси, Наср әл-Хурини аударма бойынша еңбектерді зерттеп, жаңа араб ғылыми терминдерін құру мен олардың заманауи еуропалық терминдер арасындағы байланысын анықтауға айтарлықтай үлес қосты.
Белгілі ғалым М.Ф. Хиджази араб терминдерінің тарихын екі аспектіде қарастырады:
1. Араб мұрасы(التراث العربي) [at-Turaaśul-‘Arabi].
2. Қазіргі кезең терминдері (المصطلحات في العصر الحديث) [al-Mustalahaatfiiil-‘Asril-Hadiiś].
Араб мұрасы – бұл бүкіл әлем ғалымдарының назарын аударатын түрлі ғылымдар бойынша құнды ортағасырлық еңбектердің қазынасы. М.Ф. Хиджази араб ғылыми қауымдастығына бүгінгі күнге дейін аударылмаған араб мұрасының еңбектерін, Араб халифатының