Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов

Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов страница 18

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов

Скачать книгу

«Қыз Жібектің», «Ақжүністің» арияларын айтқанда «сен нағыз әйел болатын адам екенсің» деп күлкіге айналдыратынбыз. Қырғызбай Бақтыбаев – бұл күнде физика ғылымдарының докторы, ҚазМУ-дың профессоры, есімі бұрынғы Кеңес үкіметі аумағында белгілі үлкен ғалым.

      Философия факультетінен білім алғанымызда, біздің түбегейлі маман болып қалыптасуымызда оң әсерін тигізген бір факторын айтпауыма болмайды. Ол – бұзуға болмайтын темір тәртіптей қалыптасқан басты талап. Сабақтарға тек түпдеректер арқылы дайындалу, емтихандар мен сынақтарды философтардың өздерінің еңбектерінен өткізу. Бұл өз бетімізше дайындалудың алғышарты еді. Барлық философиялық мәселелердің тетігіне тек түпнұсқаны оқып-түсіну арқылы жететінбіз. Осы педагогикалық тәсілдерді біздің ұстаздарымыз бұлжытпай ұстады. Осының арқасында дүниежүзінің ұлы философтарының негізгі еңбектерін түгел қазбалап оқып, конспектілер жасап шықтық. К. Маркстың «Капиталын» философияның ең негізгі еңбектерінің бірі етіп оқыдық. Шындығында солай ғой. Қандай керемет философиялық, экономикалық, публицистикалық, керек болса, әдеби көркем шығарма ғой. Әсемдеп, әсерлеп айтатын сөздері қандай. Менің МГУ-де оқып жүргенімде, бір қызық оқиға болды. «Диалектикалық материализмнен» кандидаттық емтихан тапсырып жатырмыз. Комиссияның төрағасы Панцхаба деген профессор, ұлты грузин. Мен билет бойынша жауап беріп, үшінші сұраққа «динамикалық және статистикалық заңдылықтардың арақатынасы» деген сұраққа жауап беріп болдым. Панцхаба маған «Статистикалық заңдылықтардың бар екендігін кім ашты?» деген қосымша сұрақ қойды. Оған мен бұл заңдылықтарды К. Маркс «Капитал» деген еңбегінде халықтың салыстырмалы және абсолютті кедейленуін зерттегенде ашқанын айттым. Ол маған: «Неге кейбір философтар мен экономистер біз аштық деп жүр. Оған не айтасыз?» – деді. Оған мен былай деп жауап бердім. «Мұның себебі өте қарапайым. Біздің кейбір философтар мен кейбір экономистер К. Маркстың «Капиталын» терең түсініп оқымағандықтан». Айтқаным сол екен, профессор Панцхаба бір рақаттанып күліп: «Ой, дорогой, как ты правильно сказал, действительно они «Капитал» Маркса глубоко не изучают», – деді. – Сіз қандай мамандықты бітіргенсіз?» деп сұрады. Мен 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде философия факультетін бітіргенімді айттым. Ол таңданып қалды. Онда мұндай факультеттің болғанын білмеген екен.

      Осынша сүрген өмірімде институттарда мұғалім болдым. Орталық Партия Комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқардым, енді, міне, кафедра профессорымын. Барлық қызметімде университеттің философия факультетінде алған тиянақты білімім менің айнымас тірегім болды. Қандай бір қиын жағдайларда жол көрсететін жарық жұлдызым болды. Рухани шаршағанда дағдарыстан алып шығатын нағыз дәруменім болды. Менің саналы өмірімде осы университеттің студенттігінен бастап, еңбек етуімнің соңғы сатысын осы ұямда өткізіп жатқаныма өте бақыттымын. Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті шын мәнінде менің университетім.

Скачать книгу