Қара сөз. Абай Құнанбаев

Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Қара сөз - Абай Құнанбаев страница 2

Қара сөз - Абай Құнанбаев

Скачать книгу

де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі – қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да – пайдалы іс, екінші – назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.

      Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.

      Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.

      IV сөз

      Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.

      Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!

      Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат

Скачать книгу