Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап. Коллектив авторов

Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап - Коллектив авторов страница

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап - Коллектив авторов

Скачать книгу

Горбачевтің Орталықта орын алған реформалары Қазақстанды да қамтып, тарихтың жаңа бетін ашты. Бұған себеп болған басты мәселе әлемдік тоталитарлық империяға айналған КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуда тоқырауға ұшырап, елде дағдарыстық құбылыстардың етек алуы еді. Сонымен қатар мұның өзі қоғамдық-саяси өмірде және ұлт саясатында сөз бен істің қайшылығына көпе-көрінеу дөрекі бұрмалаушылықтарға алып келді. 1979-1989 жылдары КСРОның Ауғанстанға әскер енгізуі басқыншыл империяның әлемдік саясатты аса қауіпті державаға айналғанын тағы да айқындап берді. Мұның өзі, шын мәнінде, елдің ішкі саясатында одақтас республикалар тарапынан орталықтың күштеу принциптеріне негізделген авторитарлы жүйесіне қарсылығын үдете түсті. Нәтижесінде осындай қалыптасқан тиянақсыз ахуал КСРО-ның ыдырауына және бұрынғы одақтас республикалардың басын қосатын жаңа Тәуелсіз мемлекеттер достастығының құрылуына алып келді. Ал мұндай демократиялық принциптерге негізделген жаңа одақтың өмірге келуі Қазақстан тәрізді республикалардың тәуелсіздікке деген құштарлығын үдете түсті. 1986 жылы орын алған Қазақстандағы желтоқсан көтерілісі осының бастамасы және айқын көрінісі болды. Ұсынылып отырған оқулықта осы мәселелер тарихи сабақтастықпен тәуелсіз Қазақстанның құрылуы және қалыптасуы туралы маңызды мәселелерге ұластыра жазылған. Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жасалған реформаторлық өзгерістер бұрын тарихта болмаған жаңалықтарды алып келді. Тәуелсіз ел өзінің тәуелсіздігін жариялап қана қоймай, мемлекеттік рәміздерін де қабылдады. Мемлекеттік институттарды қалыптастыру, конституциялық реформалар жүргізу, мемлекеттік шекара және ұлттық қауіпсіздік мәселелері шұғыл түрде қолға алынды. Бұл, шын мәнінде, айтуға ғана оңай, елде отаршылдық сана әлі де салтанат құрып тұрған жағдайда жүзеге асырылған маңызды шаралар еді. Қазақстанның жағдайы экономикалық дамудың жаңа қазақстандық үлгісін жасауды қажет етті. Бұл нарықтық қайта құруды, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын сыртқы экономикалық ынтымақтастықты нақтылап қолға алудан басталған болатын. Шын мәнінде, мұның өзі жолсыз қиын шатқалда тар соқпақты жол тауып алға басу еді. Қазақстан бұл сынақтан да сәтті өтті. Сондықтан да бұл тарих қазіргі Қазақстан тарихын оқытуда арнайы көңіл бөлуді қажет етеді. Оқырманға ұсынылып отырған оқулық әлеуметтік-жаңғырту және әлеуметтік демографиялық үрдістер мәселесінде студенттерге тиянақты, жан-жақты, салыстырмалы талдау түрінде түсіндіруді мақсат еткен. Мұнда халықтың өсу деңгейі, оның этникалық құрылымындағы өзгерістер, «Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес отандастарымыздың елге оралуы, білім мен ғылымның дамуы тәрізді маңызды мәселелерді қамтиды. Қазақстанның қазіргі тарихын қоғамдық-саяси үдерістерді зерттемей толыққанды жазу мүмкін емес. Мұндайда демократияландыру, саяси және қоғамдық институттарды дамыту, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіру, жастарды тәрбиелеу тәрізді мәселелер назарда болуы тиіс. Мұны оқулық авторлары ескеріп аталған бағыттарда зерттеулер жүргізіп, өздерінің тұжырымдарын оқулыққа ықшамдап ұсынды. Қазақстан халқының рухани жаңғыруы да баса назар аударуды керек етеді. Өйткені кез келген тәуелсіз мемлекет отаршылдық санадан арылып, жаңа тарихи сананы және патриоттық көзқарасты қалыптастыруға міндетті. Онсыз ол егеменді ел бола алмайды. Қазақстан үшін мұндайда ұлттық тарихты дамытуға көңіл бөлу, бұрын отаршылдық қапасында тұншығып, орыс тілінің тасасында қалған қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру міндеті тұрды. Бұл мемлекет құрушы қазақтар үшін аса маңызды мәселе еді. Айта кету керек, бұл бағытта да мемлекет біраз шараларды жүзеге асырды. Олар осы оқулықта қамтылған. Сонымен бірге қазақ халқының ұлттық мәдениетін, рухани жетістіктерін зерттеу үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Қазақстан үшін тәуелсіздіктің 25 жылында діни-мәдени қайта құрудың қиыншылықтары мен қайшылықтары аз болған жоқ. Сондықтан да дін мәселесінде мемлекет үздіксіз жаңа шараларды жүзеге асыруға барды. Оқулық авторлары бұл мәселенің де маңыздылығын түсіне отырып, оларға айтарлықтай елеулі көңіл бөлді. Қазақстан Республикасының басқа елдер тарапынан мойындалуы, әлемдік қауымдастықтың Қазақстанды дербес республика ретінде қолдауы және көтермелеуі біздің еліміз үшін аса маңызды болғаны белгілі. Сондықтан да оқырманға ұсынылып отырған оқулық Қазақстанның халықаралық аренаға шығуындағы қиын, бұралаң соқпақтарды Қазақстан Республикасының сыртық саясатындағы басты ұстанымдар мен бағыттарды нақтылап жазуға тырысты. Сонымен бірге оқулықта Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен күрделі қарым-қатынастары, Қазақстандағы интеграциялық үдерістер, әлемдік және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешу жолындағы Қазақстанның аршынды қадамдары жан-жақты қарастырылды. Осы айтылғандардың бәрі тарихымыз үшін аса маңызды болғандықтан, Қазақстанның тәуелсіздік тұсындағы тарихына арнайы оқулық арнап, оны студенттерге ұсынып отырмыз. Бұл оқулық бүгінгі күнмен тығыз байланысты саясаттың және экономиканың күрделі мәселелерін баяндайтындықтан, олқылықтардың орын алуы әбден орынды деп ойлаймыз. Жалпы тәуелсіздік тарихы көптеген маңызды құжаттарды және оларды жүзеге асыруды жан-жақты қарастыратын болғандықтан, ол әрқашан да толықтыруды қажет етеді. Сондықтан да оқулыққа байланысты оқырмандардың ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын түсіністікпен

Скачать книгу