Қорасан қарақшының қолмергені. Баянғали Әлімжанов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қорасан қарақшының қолмергені - Баянғали Әлімжанов страница 5
Қияңқы,
Пияңкіге ұйтқы болған,
Байлаусыз
Қызыл көзді жынның өзі,
Бұрқырап
Бұл көшеге шыққан кезде,
Кетеді
Бұлтқа кіріп күннің көзі!»
Үйір боп,
Береді екем бұзыққа дем,
Бүлікті
Салады екем қызыққа мен…
Осылай
Сеніп жүрген қимас жұртым,
Бетімнен
Бір-ақ тартты сызықшамен!
Күйдіріп,
Тірі өлтірген ел бағасы,
Секілді
Тергеушінің қолағашы,
Құдасы
Екен және дөй қараның,
Аудандық
Сотымыздың төрағасы!
Ол дағы
Қызыл майдан тойда болған,
Қырғынды көзбен көріп,
Ойға қалған,
Қазық қып
Қағамын деп қара жерге,
Кектенген
Мен сорлыға қолға қонған.
Орындап
Жан әкемнің аманатын,
Жолындай
Келешекке жалғанатын,
Алаштың
Азаматы болсам деуші ем
Азамат сотталушы…
Алған атым!
Қор қылып,
Төмендеттім анам басын,
Төбемде
Ойнақтады замандасым,
Қылмысты
Қаршадайдан жек көруші ем,
Түрменің
Таттым міне баландасын!
Осындай
Болды ма екен бұрын да адам,
Жоқ әлде
Бұзылды ма бүгін ғалам?
Ұғатын
Жан бар ма екен бұл жалғанда
Жанымды
Байыз таппай шырылдаған!
Кім білсін,
Болғанымда алымдырақ,
Көлімде
Көктер ме еді қалың құрақ,
Ол рас,
Жастық – мастық, жазығым бар,
Қылмыскер
Емес менің жаным бірақ!
Қорасанның Балтабайға шерткен сыры
Көздері
Шыға жаздап шарасынан,
Толғанып,
Жас жігіттің наласынан,
Шылымын
Құшырлана бұрқыратып,
Бұлдырап
Қою түтін арасынан,
Қорасан
Сөз бастады: «Еш бір адам,
Тумайды
Қарақшы боп анасынан,
Қылмыскер
Сезінбеймін мен де өзімді,
Алты рет
Өтсем де сот сарасынан!
Мен дағы сәби едім,
Мөлдір едім,
Өмірге
Ғашық болдым, елжіредім,
Керемет істер жасап,
Ат шығарып,
Жаулағым
Келді жастай ел жүрегін.
Жастықпен
Жалындадым, асып-тастым,
Жандырып
Ішін талай дос пен қастың,
Жаяулап
Жер-жаһанды кезіп кетіп,
Келетін ғарышқа ұшып,
Мұхит асқым!
Махамбет,
Робин Гуд пен
Чинга Чгук,
Корсарды
Жастайымнан шындап ұғып,
Қаратқым келді әлемді
Бір өзіме,
Ең биік,
Жан жетпеген шыңға шығып,
Амал не
Көп