Инвестициялау негіздері. Гүлназым Супугалиева
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Инвестициялау негіздері - Гүлназым Супугалиева страница
Оқу құралында инвестицияның экономикалық мазмұнын аша отырып, оның рөлі, түрлері және Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметтің дамуымен қатар инвестициялық саясат, оның мақсаты мен атқаратын қызметтері, инвестициялық тәуекелдердің жіктелімін қарастыра отырып оны төмендету шаралары туралы айтылған.
Сонымен қатар инвестициялық қызметті қаржыландыру көздеріне жалпы сипаттама бере отырып, ішкі және сыртқы көздеріне тоқталған. Атап айтсақ, инвестициялық жобаларды қаржыландыру көзі ретінде қысқа мерзімді несиелер, орта мерзімді қаржыландыру көзі ретінде лизинг, ал ұзақ мерзімді несиелер ретінде ипотекалық несиелер қарастырылған.
1 тарау
ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ
1.1. Инвестиция ұғымы
Инвестиция – Қазақстан экономикасының нарықтық экономикаға өтуі кезінде пайда болған жаңа термин. Орталықтандырылған жоспарлау жүйесінің шеңберінде «жалпы капиталдық салымдар» деген түсінік қолданылатын, осы түсінік бойынша жаңа құрылыс пен қайта өңдеуге, шаруашылық жүргізіп отырған кәсіпорындарының кеңеюі мен техникалық қайта қамтамасыздандырылуына (өндірістік капиталдық салымдар), тұрғын үй мен тұрмыстық-мәдени құрылысқа (өндірістік емес капиталдық салымдар) жұмсалатын барлық қаржылық құралдар түсіндірілетін.
Инвестициялар ақша құралдары, мақсатты банкілік салымдар, пайлар, акциялар және де басқа құнды қағаздар, технологиялар, машиналар, қондырғылар, лицензиялар, соның ішінде тауар белгісіне, пайда табу мақсатында кәсіпкерлік қызмет объектісіне салынатын интеллектуалды бағалықтар, несиелер кез келген мүлік немесе мүліктік құқықтар ретінде анықталады және осының бәрі – пайда табу мен әлеуметтік жақсы әсерлерге жету мақсатында. Осы тұрғыда инвестиция түсінігі нарықтық тәсілге едәуір жақын келеді.
Келтірілген анықтамалар нарықтық және жоспарлық жүйелерде инвестицияның мәнін түсінудегі айырмашылықты көрсетеді. Ресурстардың бөлінуі әкімшілік жүйесі жағдайында меншіктің бір түрімен жүзеге асатындықтан, инвестицияландырудың қаржылық және басқа түрлерінің бар екендігін отандық экономикалық ғылым қарастырмады. Жоспарлық экономика жағдайында инвестициялар ағымдағы шығындардың тек бір уақыттық сипатымен ғана айырықшаланатын залал түрінде көрінеді. Экономика ғылымы мен тәжірибесі дәлелдеп отырғандай, капиталдық салымдар инвестицияның синонимі болып табылмайды, берілген терминдер ұқсас емес. Капиталдық салымға қарағанда инвестиция түсінігі әлдеқайда кең. Батыс әдебиеттерінде қор нарығын қарастыруға баса назар аударады. Себебі, нарықтық экономикасы дамыған елдерде (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония) инвестицияландыру бағалы қағаздар арқылы іске асырылады. Қазіргі таңда отандық тәжірибеде екі термин де қолданылады.
«Инвестиция» термині латынның investire – «жұмылдыру» сөзінен алынған. Бұл термин ғылыми және публицистикалық әдебиеттерде кеңінен қолданылады. Ғылыми әдебиеттерде инвестицияны анықтаудың әр түрлі тәсілдері бар. Пол Самуэльсон инвестицияландыру туралы былай жазады: «Біз қоғамның нақты капиталының таза өсімін білдіретін нәрселерді (ғимараттар, қондырғылар, өндірістікматериалдық қорлар және т.б.) «таза инвестицияландыру» немесе капитал қалыптасуы деп атаймыз. Тұрғындар үшін жерді, қолданыста жүрген құнды қағаздарды немесе меншіктің кез келген түрін сатып алу инвестицияландыру болып табылады. Экономистер үшін бұл тек таза трансферттік операциялар. Яғни біреуі инвестицияландырса, басқа біреуі дезинвестицияландырады. Таза инвестицияландыру тек жаңа нақты капитал қалыптасқан кезде ғана орын алады».
У. Шарп инвестицияны былайша анықтайды: «Нақты инвестицияларға әдетте қандай да бір материалдық-көрнекті активтер түріне инвестициялау кіреді, мысалы, жер, қондырғылар, зауыттар сияқты. Қаржылық инвестициялар қағазда жазылған келісімшарттарда, мысалы, кәдімгі акциялар мен облигациялар сияқтыны білдіреді». Қарапайым экономикаларда инвестициялардың негізгі бөлігі нақтыға жатқызылса, қазіргі дәуірдің экономикасында инвестициялардың үлкен бөлігі қаржылық инвестициялар болып табылады. Қаржылық инвестицияландыру институттарының жоғары дамуы нақты инвестицияның өсуіне едәуір дәрежеде ықпал етеді. Әдетте, бұл екі форма бәсекелес емес, бір-бірін толықтырушы болып табылады.
В. Бочаров инвестицияны табыстың тұтынуға жұмсала алмайтын бөлігі деп түсінеді. Инвестициялық ресурстар инвестициялық іскерліктің капиталдық құнның табыс немесе әлеуметтік әсер түріндегі өсімі алынатын нақты объектілеріне трансформацияланады.
Экономикалық және қаржылық тұрғыдан инвестицияландыру экономикалық ресурстарды болашақта таза пайдаға жету және бұл пайданы бастапқы салған капиталдан асырып түсіру мақсатымен ұзақ мерзімді салу деп анықталады. Капиталдық салым процесінің жалпы анықтамасы: инвестицияландыру