Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова страница 35
Температура. Жазғы уақытта су температурасы теңіздің барлық аудандарында шамамен бірдей: солтүстік бөлігінде 24ºС, ал оңтүстігінде 27ºС-ге дейін жетеді. Қыс кезінде Оңтүстік Каспийдің ашық бөліктерінде су температурасы 9ºС-ден төменге түспейді, ал Солтүстік Каспийде температура -1ºС-қа дейін төмендейді.
Каспий теңізінің тұздылығы мұхит суынан ерекше, Каспий суы салыстырмалы түрде натрий мен хлорға кедей, ауыр сульфаттарға, кальцийге бай. Тұздардың бұндай қатынастары Каспий суын өзен суына жақындатады. Каспий теңізінің орташа тұздылығы 12,7-12,85‰ болса, Қара-бұғазкөл шығанағында оның мөлшері 360‰-ден асады. Судың үстіңгі қабатындағы оттек мөлшері жазда да, қыста да қанығуға жақын. Қыста оттектің ең жоғары концентрациясы (85-90 мл/л) Солтүстік Каспийдің жағалау маңы тайыз суларына тән. Оңтүстік Каспийде қыста оттекпен жоғары деңгейде қанығу судың жоғарғы қабатында байқалады.
Каспий теңізінің гидрофаунасы. Каспий теңізі жайындағы алғашқы деректерді П.С. Паллас пен С.Г. Гмелин еңбектерінде (1769-1773 ж.) келтіріледі. 1853 жылы Каспий теңізіне К.М. Бэрдің басшылығымен экспедиция ұйымдастырылды және осы теңіз жайында жан-жақты бай материал жиналды. 1874-1876 жылдары О.А. Гримм фаунаны зерттеу барысында алғаш рет Каспий теңізінің омыртқасыз жануарларының алуантүрлілігі жайында жазды.
XX ғасырдың басында Н.М. Книповичтың басқаруымен кәсіптік маңызы бар балықтардың биологиясы зерттелді. 1934-1937 жылдары Каспий теңізінде ВНИРО экспедициясы жұмыс жасады. Ерекше көңіл бентофаг балықтардың қоректік базасына аударылды. Каспий теңізінің омыртқасыздар фаунасы бойынша толық деректер 1974 жылы жарияланған «Атлас беспозвоночных Каспийского моря» атты еңбекте көрсетілген.
Каспий теңізінің гидрофаунасы өзінің түрлік құрамының өзгешелігімен ерекшеленеді. Гидрофауна шығу тегі жағынан 5 топқа жіктеледі. Бірінші топ – автохтонды фауна, оның құрамына 510 түр енеді, ол барлық фаунаның 44 %-н құрайды. Екінші топ – арктикалық, олардың ата-тектері қазір солтүстік теңіздерде кең тараған, олар Каспий теңізінде барлық фаунаның тек 1,2 %-н (14 түр) ғана түзейді. Оларға көпқылтанды құрт (Manaynukia caspia), мизидалар – 4 түр, бүйіржүзгіштер – 4 түр, балықтардың екі түрі (ақбалық, каспий албырты), сонымен қатар каспий түлені (итбалығы) жатады. Үшінші топ – жерортатеңіздік түрлер. Бұл топтың түрлік алуантүрлілігі шамамен 230 түрді құрайды. Төртінші топқа тұщысулық формалар жатады. Олар теңізге Каспийге дейінгі суқоймаларына құйылатын өзендерден келген. Тұщысулық фаунаның арасында өзен ағындарымен келген түрлер көп. Бұл топқа балықтардан бекіретектестер, албырттектестер, шортантектестер, жайынтектестер, тұқытектестер