Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова страница 31
Арал теңізі – оңтүстік теңіздер жүйесінде ең шығыста орналасқан, өзендер бастау алмайтын көлтиптес үлкен суалабы, көлемі жағынан Әлемде 4-орын алатын көл. Арал теңізіне тек екі өзен, оңтүстік батысынан Әмудария (ұзындығы 2620 км), оңтүстік шығысынан Сырдария (ұзындығы 2660 км) өзендері ғана құйылады.
Гидрологиялық және гидрохимиялық режимі. 1960 жылға дейін Арал теңізі үшін гидрологиялық және гидрохимиялық режим тұрақты болды, бұл кезде судың орташа тұздылығы 10‰-дей еді. Судың көпжылдық орташа деңгейі (абсолютті тереңдік 53,00 м) кезінде теңіздің ауданы 68 млн км2, орташа тереңдігі 16 м, максималды тереңділік 69 м, ұзындығы 424 км, ені 292 км болды. Арал теңізі бірнеше аралдармен жекелеген аудандарға бөлінді. Жалпы суалабынан үлкен Көкарал аралымен бөлінген Аралдың солтүстік бөлігі Кіші теңіз деп аталады. Барлық қалған бөлігі Үлкен теңізді құрайды. 1961 жылға дейінгі кезеңді алдамшы (квазитұрақты) кезең деп есептейді, өйткені су деңгейінің ауытқуы аса үлкен болмады және тұздылық та аса көп өзгермеді.
1961 жылдан бастап Әмудария және Сырдария өзендерінің ағындарын байлауға (реттеуге) байланысты теңіздің орташа жылдық деңгейі төмендей бастады. XX ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай су деңгейі 13 м төмендеді, нәтижесінде теңіз айдыны бір-бірінен ажыраған 2 бөлікке – Кіші және Үлкен теңізге бөлінді. 1989 жылдың аяғында теңіз деңгейі абсолютті 39,02 м белгіге, немесе 1960 жылмен салыстырғанда 14,4 мге дейін төмендеді. 1993 жылы Аралдың айдыны 45 %-ға құрғады және орташа тереңдік 45 %-ға азайды. Кіші және Үлкен теңіздерді бөліп тұратын Көкарал аралы материкке қосылды. Үл-кен теңіздің тұздылығы 36,48‰, ал Кіші теңіздің тұздылығы 36,65‰-ді құрады.
1988 жылдан бастап Кіші теңіздің орташа тұздылығы Үлкен теңізге қарағанда 1,5-2,0 г/л-ге кем болды. Берг бұғазының толықтай құрғап кетуіне байланысты 1990 жылдың көктемінде 2 бассейннің де тұздылығының айырмашылығының артуына алып келді. 1992 жылы шілде айында бөгетті салу және оны тұрақты түрде бекіту Кіші теңіздің деңгейін 2,5-3,0 мге көтеруге мүмкіндік берді және тұздылығы орта есеппен алғанда 8-10‰-ге дейін төмендеді.
2000 жылы Үлкен Аралдың тұздылығы 60‰-ден асты, ал 2004 жылы ол 100‰-ге жетті. Үлкен Арал қалдық суқоймалары кешенінің құрамына енді және ол гипергалинді суқоймасына айналды. 2000 жылдан бастап суы таяз шығыс суалабында тұздылық суы терең батыс суалабынан арта бастады. 2006 жылға қарай Шығыс Үлкен Аралдан Тұщыбас бұғазы бөлінді.
2011 жылдың күзіне қарай Кіші Аралдың тұздылығы 8‰-ге дейін төмендеді, ал оқшауланған Бутаков бұғазында ол біршама жоғары 11‰ болса, Сырдарияның құйылысына жақын орналасқан Көкарал бөгетінде ол 6,3‰-ге дейін төмендеді.