Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер). Гүлжауһар Көкебaевa
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер) - Гүлжауһар Көкебaевa страница 5
Версаль бітім жүйесі ірі империалистік державалар арасындағы бұрыннан келе жатқан қайшылықтарды одан әрі тереңдетті және жаңа қайшылықтар туғызды. Екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы халықаралық жағдайдың даму барысы осы қайшылықтардың дамуымен анықталды. Сондықтан Версаль бітім жүйесін неғұрлым кең талдап оқу студенттердің ХХ ғасырдың бірінші жартысында адамзат дүниесінің екі рет соғыс апатына ұшырау себептерін солғұрлым тереңірек түсінуіне мүмкіншілік береді.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғына қарай халықаралық қатынастар жүйесінде елеулі өзерістер болды. Ең қуатты мемлекет – Германия талқандалды, оның есесіне халықаралық аренаға дүниежүзілік үстемдікке ие болу ниетімен АҚШ шықты. Соғысқа ресми түрде 1917 жылы 6 сәуірде кірген АҚШ соғыс қимылдарына тікелей 1918 жылдың мауысымынан бастап қана қатысты. Америка Құрама Штаттарының соғыстағы адам шығынынан Ұлыбританияның шығыны 10 есе көп, Франциянікі – 20 есе көп, ал Ресейдікі – 40 есе көп болды. Соғыс кезінде сыртқы нарыққа ағылшын, француз, неміс тауарларының ағылып келуі тоқтады да, оның есесіне американ тауарларына сұраныс көбейді. Сөйтіп, соғыс жылдарында американ экспорты 3 есе дерлік өсті. Дүниежүзі халқының 6 пайызын құрайтын халқы бар АҚШ 19181920 жылдарда дүниежүзілік темір рудасы өнімінің 55 пайызын, автомобильдердің 85 пайызын, тас көмірдің 52 пайызын, мұнайдың 66 пайызын, құрыштың 66 пайызын, алтынның 22 пайызын өндірді. Соғыс кезінде АҚШ Антанта елдеріне қарыз беріп, байып алды. АҚШ бұрын теңізде үстем болған, дүниежүзілік қаржы және сауда орталығы болған Ұлыбританиямен бәсекелесті. Соғысқа дейін ағылшындардың 20 миллиард доллар шетелдік инвестициясының 4 миллиарды Америка Құрама Штаттарында орналасқан болатын. Ал соғыс жылдарында Англия осы инвестициясынан айырылып қана қойған жоқ, оның үстіне АҚШ-қа 3,7 миллиард доллар қарыздар болып қалды. Антанта елдерінің қаржылық тәуелділігін АҚШ өзінің халықаралық аренадағы позицияларын нығайтуға пайдаланбақшы болды. Алайда бұл мақсатты іске асыруға бөгет болатын жағдайлар баршылық еді. Соғыста әжептәуір шығынға ұшырағанына қарамастан Англия өзінің дүниежүзілік аренадағы мықты позицияларын сақтап қалды. Орасан зор отарлық территория, шет елдерге орналастырылған капитал, ежелден қалыптасқан, бүкіл дүниежүзін қамтыған банктік және сауда жүйесі, ұсақ еуропалық елдермен (Дания, Голландия, Бельгия, Португалия, Испания, т.б.), Азия мен Латын Америкасы елдерімен бұрыннан қалыптасқан экономикалық және саяси байланыстар, халықаралық мәселелерге араласудағы ғасырлар бойы жиналған тәжірибе және дипломатиялық істегі шеберлік – осының бәрі Англияның болашақ бітім конференциясында ең басты қазылардың бірі болатындығының кепілдігі еді. Орасан зор континентальдық армиясы бар және кайзерлік Германияны талқандауда елеулі рөл атқардым деп есептейтін Францияның да еуропалық мәселелерді шешуде негізгі тұтқалардың бірі болудан дәмесі бар еді. Осындай жағдайда басталған Париж бітім конференциясының барысында дау-тартыс көп болды, ал жеңімпаз мемлекеттердің осындай өзара қайшылықтарына орай бүкіл Версаль бітім жүйесі ішкі қайшылықтарға толы, тұрақсыз сипатта болды. Сондықтан