Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов страница 7
Бұл кезде Петербургте «Якуттардың тілі туралы» деген тамаша еңбектің авторы академик О.Н. Бетлингк жұмыс атқаратын. Ол университетте оқып жүрген Радловқа ерекше әсер етті. Алдыңғы қатарлы орыс шығыстанушы ғалымдардың Батыстағы көптеген ориенталистерден басты айырмашылығы – бұларда интернационализм рухы ерекше дамыған болатын. Орыс шығыстанушылары мен түркітанушылары ұлттық, нәсілдік кемсітуге мейлінше қарсы шығып, ғылым үшін барлық тілдердің теңқұқылы екенін мойындап, олар түркі халықтарының тек қана кітаби, әдеби тілдерін зерттеумен ғана шектелмей, бұл кезде жазуы болмаған тілдерді де зерттеуге мейлінше ықыласпен кірісті. Орыс ғалымдарының ауыз толтырып айтарлық тағы бір ерекшелігі – олар ғылыми-зерттеу жұмысына жергілікті халықтың алдыңғы қатарлы өкілдерін де кеңінен тартуға ұмтылды.
Сібірдегі халықтардың тілі, мәдениеті және тұрмыс жағдайымен іштей араласып, етене жақындау үшін Радлов 1859 жылы Алтай өлкесіне келіп, онда он жыл тұрды. Барнауылда мұғалім бола жүріп, алтайлықтардың тілін үйреніп, жаз айларында Алтай өлкесі, Шығыс Қазақстан және Жетісу бойын кеңінен аралап, жергілікті халықпен жан-жақты танысты. Жергілікті түркі халықтарының тілі мен тұрмысын да қағажу қалдырмай, олармен де шұғылданды. Осы кезде Батыс Сібір мен Орта Азиядағы көптеген түркі халықтарының тұрмысымен танысып, тілін үйренді. Радловтың ғылымдағы шұғылданған мәселесінің көкжиегі кең, өресі өрнекті де ұшан-теңіз еді.
1862 жылы Радлов Шығыс Қазақстанда болып, кейіннен қазақ пен ұйғыр мекендеген Іле езенінің бойын аралап, Ыстықкөлге дейін барды. Бұл саяхаттың нәтижесін ғалым әдебиетте алғашқылардың бірі болып тарихи-географиялық тұрғыдан сипаттады және қазақ пен ұйғыр халқының фольклорын жинап, оның көптеген нұсқаларын қағаз бетіне түсірді. 1860-1866 жылдары ол «Алтайдан хаттар», «1862 жылы Шығыс қырғыз (қазақ-А.А.) даласына ұйымдастырылған саяхат туралы қысқаша хабар», «Ұлы Азиядағы Іле өзенінің бойы және мұның тұрғындары» және т.б. мақалаларын жазды. 1867-1868 жылдары Радлов Жетісуға қайтадан келіп, қазақ және ұйғыр тілі фольклорынан, география, тұрмыс жөнінде және бұл өлкедегі сауда мен ел басқару жүйесіне байланысты көптеген материалдар жинады.
1866 жылдан бастап, Ресей Ғылым академиясы Радловтың аудармаларын есептемегеннің өзінде, он томдық еңбегін әзірлеп, оны «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деген атпен жариялауға кірісті. Бұл еңбектің үшінші және алтыншы томдары Радловтың жазып алған қазақ, ұйғыр фольклорының үлгілері болатын (1870-1886 жылдары). Оның үлкен еңбектері