Бақыт жолы. Олжас Сеитов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов страница 26
Сонымен қатар, тек жағымсыз эмоцияларға жол беретін болсаңыз, айтарлықтай нәтиже болмайды. Теріс пікірдегі «қызметші» шексіз күңкілдей беретін әрі өзінің теріс ұстанымдарынан арылғысы келмейтін болады.
Сондықтан да ҚЖ әдісінің тағы бір артықшылығы – сіз қауіпсіздік және даму қызметтері арасында үлкен келіссөз ұйымдастырасыз.
Дамыту қызметі жарқын сезімдер туралы, ал қауіпсіздік қызметі жағымсыз сезімдер туралы «айта бастайды»! Сіз осы екі қызметтің арасында нағыз пікірталас ұйымдастырып, соңында «ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАМАНДЫҚТЫ ЖЕҢЕДІ» деген ұлы шындыққа көз жеткізесіз.
Қауіпсіздік қызметі бірте-бірте өзінің қатал болғанын және теріс тұжырымдарын тым қыңырлықпен ұстанғанын түсіне бастайды. Ал дамыту қызметі өзінің оң көзқарастарына сенімдірек болады. Нәтижесінде сіз бір оқпен екі қоянды атасыз: жамандық өледі, ал жақсылық жарқырай түседі. Алдыңғы тарауларда айтқан теорияны еске түсіріңізші. Естілік жамандықты жақсы етеді, ал жақсылықты одан да жақсыға әкеледі.
Енді іске көшейік. Нақты не істеу керек екенін егжей-тегжейлі қарастырайық. Егер сол ер адамға әжесінің қайтыс болғанын елестетуді бірнеше рет айта берсек, ол әжесінің орны толмастай екенін, өмірдің мәні жоқ екенін айтып екі сағат бойы жылар еді. Сондықтан да біз дамыту қызметін параллельді қосамыз да, кезекпен екі сұрақ қоямыз:
1) Әжеңіз тірі деп елестетіңіз.
2) Әжеңіздің енді жоқ екенін елестетіңіз.
Бұл жарты сағатқа созылуы мүмкін. Не бір сағат болуы да мүмкін, бірақ орташа есеппен бір жарым сағат жұмсалады. Егер әжесі өте жарқын және орны ерекше адам болған болса, онда бұл жоғалтумен үш-төрт сағат бойы жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ, осы жаттығуды орындағаннан кейін, алдыңғы тарауларда сипаттаған бірнеше теорияларымның дұрыстығын бірден байқайсыз:
1) түпсана жан ауруынан арыла бастайды;
2) адам эмоциялар шкаласы бойынша қайғы мен апатия күйінен сүйіспеншілік, парасаттылық және тіпті жадырау күйіне көтеріле бастайды;
3) барлық жағымсыз және пессимистік ойлар біржола жойыла бастайды;
4) денесінде де өзгерістер болады: бет-жүзі бал-бұл жайнай бастайды, көзі ашылып, дене қалпы түзеледі.
Тағы бір маңызды мәселе. Адам сөйлеп жатқанда, сіз өте мұқият тыңдап, командаларды өте дұрыс беруіңіз керек. Бұл нені білдіреді?