Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары. Жомарт Жеңіс
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары - Жомарт Жеңіс страница 7
Түркiлердi аймақтағы саяси оқиғалардан шеттеткен арабтар бұдан соң 710 жылы Бұхараны, Шуман, Кеш, Нахшеб патшалықтарын алды. Жаулап алынған жерлерде исламды таратуға, мешiттер салуға кiрiстi. Бұрынғы храмдар мешiтке айналды. Саяси-экономикалық жеңілдіктерге байланысты соғдылар жаппай ислам дiнiн қабылдай бастады. Жаңа дiндi ықылассыз қабылдаған жергiлiктiлердi исламдандыру мақсатында арабтар жергiлiктi халықтың үйлерiне арабтарды қоныстандыруды қолға алады.
Түркiлер аймаққа жаңа қожайындардың келуiмен келiсе қоймады. Кутейбадан кейiнгі жаңа әкiм Асад ибн Абдаллахқа (724-727) қарсы Самарқандтағы арабтарға жиi шабуыл ұйымдастырды. 737 жылы арабтарға қарсы түркiлер, Шаш пен Хуттал, соғдылар одақтасты. Бастапқыда олар жеңгенмен, тiптi Асад өз ордасын Балхты тастап, Мервке көшпекшi болды. Бiрақ Харистан түбiндегi кескiлескен шайқаста арабтар жеңiске жетiп, ат-Табаридiң жазуына қарағанда Жетiсуға қашып келген қаған жаңа жорыққа дайындалды. Бiрақ оны Түркеш әмiрi Курсул өлтiрдi. Қаған әскері бытырап кеттi. Батыс қағанат тарады. Iрi қалаларда арабтар әскери гарнизондар салды.
Соғдылардың арабтармен соғысында түркiлер бiрiншiлермен жаулық қатынаста болса да одақтастыққа барды. Осы аймақ арқылы сауда керуендерi өтетiндiктен түркiлер соғдылықтармен сауда қатынастарына мүдделi болды. Сондықтан түркiлер бұл аймаққа арабтардың келуiн қаламады. Өздерiмен жапсарлас аймақта жаңа дұшпанның болуын қаламаған түркiлер алғашқы араб жаулап алуларынан бастап соғысты.
Жаңа дін түркілер мен арабтардың бастапқыдағы белсенді, біріккен қарсылықтарына қарамастан аймаққа табысты түрде тарай берді. Өзінің саяси икемділігімен, әлеуметтік тұрғыдағы әмбебаптығымен, идеялық тұрғыда шынайылығымен, ең бастысы саяси-әскери тұрғыда анағұрлым күштілігімен исламның басымдылығы анық байқала бастады. Қарсылыққа қарамастан, Соғды жерiнiң араб халифатының құрамдас бiр бөлiгiне айналу процесi шапшаң жүре бердi. Ирандық зерттеушi А. Бейат исламның жаулап алынған аймақтарда табысты түрде тарау факторларын былайша түсiндiредi: 1) мұсылман еместердiң «джазйэ» төлеуге мiндеттiлiгi; 2) жергiлiктiлердiң халиф сарайына қызметке тартылуы; 3) жергiлiктiлердiң мұсылман көршiлерiмен мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынасқа түсуi.
Орталық Азиядағы исламның таралып, араб үстемдігінің табан тіреуіне байланысты жергіліктi иран тiлдерiн жаңа араб тіліне тез икемделген парсы тiлiнiң ығыстыруымен аймаққа Сасани мемлекеттiлiгiнiң дәстүрi ене бастады. Сасани мемлекеттілігінің басты сипаты – деспотизм исламдағы әділетті билік жүйесін өзгеріске түсіріп, Орталық Азиядағы ислам мемлекеттілігінің деспоттық-монархиялық