Құлагер. Ілияс Жансүгіров

Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Құлагер - Ілияс Жансүгіров страница 6

Құлагер - Ілияс Жансүгіров

Скачать книгу

ат əкелген ата ұлынан.

      Əр елдің дəріптеген батырынан,

      Біреуді білмесе де нəн деседі –

      Шіреніп насыбайды атуынан.

      Бір үйде тұздықтаған тəтті табақ,

      Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.

      Бір жерде табақ теуіп, етке өкпелеп,

      Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.

      «Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап,

      Бір үйді қырғыз алды – Шабдан манап,

      Оязы Қараөткелдің Измаилов

      Бір үйде лəйліп отыр ішіп арақ.

      Жиынға ояз мінген бір арғымақ

      Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.

      Тұқымы, тобылғыдай тор қасқаның,

      Алынған француздан аңғарылып.

      Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап,

      Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.

      Көл асқа қыр қазағы құстай қаптап,

      Топырлап қонып жатыр үйге тарап.

      Бір үйде бəйбішелер бауырсақтай,

      Ауызы еттен, майдан дамыл таппай,

      Сүртініп сорпа терін жеңіменен,

      Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.

      Келіншек – жас жауқазын, сарымсақтай,

      Қыздар да пісіп отыр, қауыншақтай,

      Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр,

      Қыдыржан бақалшылар сабыншықтай.

      Бір үйде қобыз даусы шымыраған,

      Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған.

      Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп

      Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.

      Бір үйде домбыра да ыңыранған,

      Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған,

      Қос ішек «Қосбасарды» сылқылдатып,

      Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.

      Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,

      Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.

      Жалғыз-ақ бұл жиында малдылар жоқ,

      Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.

      Албасты Арқадағы абы жылан –

      Молда отыр ысқырынып оқып құран;

      Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,

      Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.

      Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,

      Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.

      Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр.

      Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.

      Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған,

      Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.

      Толтырып сүйек-саяқ дорбасына

      Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.

      Кəрі ақын кіжінеді өңмең қағып,

      Бала ақын cap масадай жатыр шағып,

      Екі жақ ереуілдеп көрісіп тұр,

      Даттасып бірін-бірі атып, қағып.

      Қолына я бөрік, я тұмақты алып,

      Ақтаған ат үстінен сияқтанып,

      Жаршылар жағы сембей зар қағып жүр,

      Жұрт жатыр əр хабардан құлақтанып.

      Таң атса шаң бермейді астың үйін,

      Күн батса жан бермейді тіреп иін.

      Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты,

      Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.

      Осындай болып жатты ұлы жиын,

      Жиынның мыңнан бірін айту қиын.

      Еті тау, қымызы көл деуге болар

      Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.

      Жүз-жүздеп жүрген жігіт даяшыға,

      Ақ көбік мінген аттың жаясында.

      Екі

Скачать книгу