Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том. Тәттігүл Картаева
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том - Тәттігүл Картаева страница 23
Шиелі бекеті маңында 1896 жылы құрылған 3580 десятин жерді алып жатқан Скобелев поселкесі орналасып, 500 десятина жерін Шиелі арығы суарған, бұл жерде үлкен базар болып, мал саудасы жүрген.
Төменарық бекетінен бастап, темір жол Сырдария өзенінен қашықтап, Түркістанға қарай пошта жолымен қатар жүріп отырады. Төменарықтан солтүстікке қарай кезінде қыпшақтардың орталығы болған Сығанақ қаласының орны бар. Жаңақорған бекетіне жақын маңдағы қоқандықтардың Жаңақорған бекінісін 1861 жылы 23 қыркүйекте орыс әскерлері алып, кейін бұзып тастаған [313, 599].
Перовск қазақтарының қыстаулары Сырдария өзенінің Қуаңдария, Қараөзек, Шіркейлі сағалары, Қызылқұммен шекарада, Сырдарияның сол жақ бетінде, уездің солтүстігіндегі Сарысу өзеніне қарай Ащыкөл, Телікөл көлдері бойында орналасты. Л.Мейер Жөлек пен Перовск аралығы, Мешеуліқұм, Төменараық, Жаңақорған, Оқшыата мазары, Сарыкөл көлі, Қаратаудың бір бөлігі Қарамұрын тауы, Сорқұдық апаны жерлерін Қаратаудың батыс қыраттары өңіріне жатқызған [249, 269].
Перовск уезі 1910 жылы әкімшілік бөлінісі жағынан Айнакөл, Аламесек, Байзақ, Головачев, Гродеков, Жөлек, Қаракөл-Қуаңдария, Қарөзек, Кеңтүп, Қостам, Көткеншек, Қысбөгет, Маслов, Приречная, Сауран, Скобелев, Телікөл, Царская, Шаған, Жаңақорған болыстықтарына бөлінді. Кейіннен олардың қатары Сорқұдық, Қағайлы, Сабалақ, Ақарық, Тереңөзек, Сұлутөбе, Шаған, Қостам болыстықтармен толықты, кейбірінің аты өзгеріп қайта құрылды. Перовск уезінің Бикесары, Дариялықтақыр, Арысқұм өңірлерінде қыстаулар әкімшілік жағынан Телікөл болысына қарады.
1920 жылы Перовск уезінде 24 болыстық, 192 әкімшілік ауыл болған. 1920 жылғы болыстардың әкімшілік бөлінісі мен географиялық орналасуы келесідей болған:
Телікөл болысы – Сарысу өзенінің төменгі бойы мен Телікөл көлдері жағасында;
Сауран болысы – уездің шығыс қиырында, Сырдарияның екі жақ бетінде;
Өзгент болысы – Сырдың сол жақ бетінде, төменгі ағысына қарай;
Приречная, Жөлек, Жаңақорған, Сабалақ болыстары – Сырдың екі жақ бетінде;
Шиелі болысы – Шиелі арығы бойында;
Ақарық, Қағайлы болыстары – Жөлектен солға қарай, Сырдың сол жағында;
Сорқұдық болысы – Жөлектен төмен қарай, Сырдың екі жақ бетінде;
Сұлутөбе болысы – Сырдың екі жақ бетінде;
Айнакөл, Қараөзек, Тереңөзек болыстары – Сабалақтан оңға қарай, Сырдың оң жақ бетінде;
Жалағаш, Байзақ болыстары – уездің батыс қиырында Сырдариядан солтүстікке қарай;
Шаған, Аламесек, Қысбөгет, Қостам болыстары – Сырдың сол жағындағы Шіркейлі және Қуаңдария сағаларының бойларында;
Қаракөл-Қуаңдария