Меншікке қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық. Гүлзағира Атаханова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Меншікке қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық - Гүлзағира Атаханова страница 9
Ірі мөлшерде ұрлау жалғасқан бір қылмыстың тізбегі ретінде екі немесе одан да көп эпизодтардан тұруы мүмкін немесе басқаның мүлкіне қастық түріндегі бір қылмыстың нәтижесі болуы мүмкін.
А.А.Пинаев осы тұрғыда жалғасқан бір қылмыс болмаса да, қайталанған қылмыстық әрекет ретінде ірі мөлшердегі ұрлықтарды қоса қарастыру мүмкіндіктерін айтқан болатын. Бірақ бұл пікір бір қылмыс және қылмыстың қайталануы туралы қылмыстық-құқықтық нормаларға сәйкес келмейді. Сондай-ақ, әр эпизодты елеулі мүліктік зиян келтіретін жалғасқан қылмысты, келген зиянның жалпы мөлшері ірі болмаса, қайталанып жасалған қылмыс деп бағалау жөніндегі Г.А.Кригердің пікіріне де күдігіміз бар.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің І995 ж. 12 мамырдағы Жарғысына сәйкес ірі мөлшердегі ұрлық немесе ірі мөлшердегі зиян ретінде ең аз жалақының 100 есе мөлшерінен асатын ұрлықты есептеу, аса ірі мөлшердегі зиян деп 500 есе мөлшерінен асатын ұрлықты, елеулі түрдегі зиян деп есепті мөлшерден 1000 есе асатын соманы есептеу қажеттігін естен шығармауымыз қажет.
Қарастырылып отырған қылмыс түріне қатысты сөз ететін болсақ, қылмысты әрекетті саралауға мүліктің қандай жолмен ұрланғаны маңызды емес. Бірақ, әрбір қылмысты істе қылмыскердің қандай амалмен ұрлағанын анықтау маңызды.
Ірі мөлшерде ұрлау жөніндегі қылмыстық жауапкершілік туралы заңда қылмыстың қандай түрде және қандай амалмен жасалғандығы ғана емес, сонымен бірге “қайталанғандығы”, “алдын-ала келісім жасалған топтың қылмысы” деген ауырлататын жағдайлар да көрсетілген.
И.Х.Какимов саралау жағдайларының саяси және құқықтық маңызын ескере отырып, “ірі мөлшерде ұрлаудың түсінігін нақтылай түсу қажеттігін көрсетеді. Қылмыс қандай түрде және қандай амалмен жасалған: “таза” қылмыс па (ұрлық, алаяқтық) немесе түрлі қылмыстың қосындысы ма (ұрлау, тонау немесе алаяқтық), осы жағдайларын анықтап алу керек.
Біздің пікіріміз бойынша: ірі мөлшердегі ұрлық деп ұрлықтың барлық түріндегі жазаны ауырлататын белгі ретінде қарастыруды айтамыз. Ірі мөлшердегі ұрлықты жеке бап ретінде бөлудің қажеттігі жоқ.
Атылатын қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ірі мөлшерде және аса ірі мөлшерде ұрлағанда қылмысты саралаудың басқа тәртібі қолданылуы тиіс және қолданылады да (255 бап).
Біздің ойымызша мұндай жағдайда, тек қоғам қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен бірге меншікке қастандық жасалған деп бағалаған жөн, өйткені жәбірленушіге елеулі түрде мүліктік зиян келеді.
Ұрланған мүліктің мөлшеріне қарай бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу бірнеше түрге бөлінеді. Әрекеттегі қылмыстық заңнамада бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің үш түрі көрсетілген: