Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы. Т. Омарбеков
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков страница 9
Осындай атпен ортағасырларда біздің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аймағында жеке қағанат өмір сүргенін әлемдегі барлық тарихшылар толық мойындап отырса да, Түргештердің өздері кімдер? – деген сауалға жауап беруге келгенде, олардың этникалық жағынан кейінгі қазақтарға тікелей қатысы барлығын айтуға бара бермейтініміз бар. Мұның басты себебі, біздің ойымызша, дәстүрлі тарихи деректерге жеткілікті мән бермеуімізден. Сондықтан да Түргеш қағанаты тарихын жазуға әртүрлі деңгейде атсалысқан ғұламалардың бірі академик В.Бартольд бұл этнонимнің мән-мазмұнын түсіндіруден қашқақтаса, ал ежелгі түркілер тарихын қалпына келтіруде қыруар еңбек сіңірген Л.Гумилев Сары түргештерді мукрийлерден, ал Қаратүргештерді аварлардан, яғни жужандардан шығарып шатасты. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десекте, мынаны ескеруіміз керек: ХVІІ ғасырдағы шежірелік деректерде Үйсіндердің үшке – Сарыүйсіндерге (Сары түргештерге), Қара үйсіндерге және Ал (Қызыл) үйсіндерге бөлінетіндері белгілі. Кейініректе олардың ықпалымен батыстағы көршілері Қаңлылардың бір бөлігі Сары қаңлылар аталса, арада екі ғасырдан соң шығыстан көшіп келген солтүстіктегі Қыпшақтардың бір бөлігі де Сары қыпшақтар аталып кетті.
Егер Сары үйсіндерге, қосымшада көрсеткеніміздей, Түргештер жатса, ал соңғы екеуіне – Қара және Қызыл үйсіндерге Бес түрік Дулу бірлестігін құраған қалған төрт тайпалық әскери-әкімшілік бірлестік екіге бөлініп қараған. Олардың қытай жылнамасында көрсетілген аттары – Қойлау, Шимуген, Шыти, Шаныш. Бұлар Шу өзенінің батысындағы Қаңлылар ықпалындағы аймақтарды әскери-әкімшілік тұрғыдан біріктірген бес Нүшбе одағымен бірге «Он оқ елі» депте аталатын. Жоғарыда айтылған деректерді талдаған, байырғы тарихымызды Қытайда тұрып жазып кеткен, әйгілі зерттеуші Нығмет Мыңжан: «Түркештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес арыс ел Дулудың белді тайпасы» деген тұжырымға келген еді. Мұның тарихи шындық екенін қытай деректерімен дәлелдеп Ә.Дәулетхан бауырымыз осы мәселеден диссертациялық еңбекте қорғады. Тағы бір назар аударарымыз: VІІІ ғасырдағы Бес түрік Дулу құрамындағы Түргештерді Алаш атты тарихи тұлғаның басқарғаны. Дулу бірлестігінде, және жалпы Түркі қағанатында қабылданған саяси жүйеге сәйкес, жергілікті тайпа бірлестіктерін басқаратындар «чор» деген лауазымға ие болатын. Сондықтан да бұл этно-саяси бірлестік қытай жылнамаларында «Түргеш-Алаш-чор ұлысы» депте көрсетілген. Қорыта келгенде айтарымыз, «Алаш» атауы VІІІ ғасырда «Түргеш» этнонимінің синониміне айналса, ал ХV ғасырдан кейін «Қазақ» этнонимі «Алаш» этнонимінің синониміне айналды.
Батыс түрік қағанаты күшті мемлекет ретінде нығайған VІІ ғасырда Түргештер Тарбағатайдың батысынан Іле мен Шу өзендері аралығына дейінгі аралықта өздеріне туыстас Кергештермен бірге көшіп-қонып жүрді және олардың рубасылары біртіндеп Батыс түрік қағанатындағы билікті басып алды. Түргештердің дербес қағанаты 699 жылы негізделді. Оның алғашқы