Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов страница 7
Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің немерелері: жоғары білімді мамандар: Санжар – дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Бауыржан – экономист, Жәңгір – заңгер. Айкер мектепте оқиды, Жұлдыз – студент. Дария, Бегім, Нұрханым, Нұрмұхамед атасы мен әжесінің сүйікті шөберелері.
Қарақалпақстандағы қызметі. 1944-1948 жылдары Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Бердах атындағы Нөкіс мемлекеттік университеті) тарих факультетін үздік бітіріп, Қарақалпақ облыстық партия комитетінде лекторлық жұмысқа орналасқан. 1950 жылдың соңында КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының аспирантурасына қабылданып, 1953 жылдың 1 желтоқсанында этнография мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алған.
Оның ғылыми-педагогикалық жұмысы Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенде басталған. 1953-1970 жылдарда У.Х. Шәлекенов Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан филиалы Археология және этнография секторының меңгерушісі болған. 1967 жылы «Казахи низовьев Амударьи (К истории взаимоотношений народов Каракалпакстана в XVII – ХХ вв.)» тақырыбындағы монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғаған. У.Х. Шәлекенов – аға ғылыми қызметкер (1956 ж.), доцент (1959 ж.), профессор (1972 ж.) қызмет сатыларынан өткен.
Ол Қарақалпақстанда өзімен бірге оқыған, жұмыс істеген достары академиктер С.К. Камаловты, М.К. Нұрмұхамедовты, Ж. Базарбаевты және профессорлар Р.К. Косбергеновты, Д.С. Насыровты аса құрметпен еске алып, оларды біртуар, адал дос, ғылымға берілген, еңбексүйгіш азаматтар екенін жиі-жиі айтып отырады.
Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Академик Сабыр Камаловты Ұлы Отан соғысында бірге болған, университетте, аспирантурада қатар оқып, Өзбек КСР Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалында бірге жұмыс істеген досын айрықша құрметтейді.
Қарақалпақстан филиалында жұмыс істеген жылдарында Уахит Хамзаұлы Шәлекенов археологиялық және этнографиялық экспедицияларға қатысып, өзі экспедиция басқарған. Оның ғылыми зерттеулері Орталық Азия халықтарының тарихы, этнологиясы және археологиясы бойынша бұрын-соңды зерттелмеген өзекті мәселеге арналған. ХХ ғасырдың 50-жылдары басында КСРО Ғылым Академиясы Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнография институтында «Кеңес Одағындағы ауылшаруашылық еңбекшілерінің тұрмысы мен мәдениетінің өзгерісі» тақырыбында арнайы бағдарлама жасалып, ғылымға беймәлім болған тақырып бойынша кең көлемде зерттеу жұмыстары басталған. Осы өзекті мәселеге арналған У.Х. Шәлекеновтің «Быт каракалпакского крестьянства Чимбайского района в прошлом и настоящем» атты кандидаттық диссертациясы 1958