Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов страница 8
Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында ғалымның «30 лет Каракалпакской АССР» (1954); «Кеңес үкіметі жылдарындағы Қарақалпақ социалистік мәдениеті (1957); «Очерки истории культуры Советской Каракалпакии 1917-1940 гг.» (1960); «К вопросу о взаимоотношениях казахских племен с оседлым и полукочевым населением Хорезма в ХVIII-ХІХ вв.» (1964) атты еңбектері жарыққа шықты. Аталған еңбектерде Қарақалпақ АССР-де орын алған өзгерістер, қазақ-қарақалпақ халықтарының арасындағы қарым-қатынас, олардың тұрмысы қарастырылған.
Н.Н. Михлухо-Маклай атындағы этнография институтының ХХ ғ. 60-70 жылдарда зерттеген басты проблемаларының бірі Кеңес үкіметіндегі халықтардың «Этнографиялық атласын» жазып, жарыққа шығару болды. Бұл мәселені шешуге де У.Х. Шәлекенов белсене қатысты. 1972 жылы Ташкентте «Фан» баспасынан Т.А. Жданконың редакциясы бойынша жарық көрген «Атлас» проблемасына арналған «Хозяйство Каракалпакии в ХІХ – нач. ХХ вв.» атты монографияның басым көпшілігі ғалымның қаламынан өрбіген. Аталған еңбектен Қазан төңкерісіне дейінгі Қарақалпақстанды мекендеген көпұлтты халықтардың шаруашылығы, заттай және рухани мәдениеті туралы құнды деректерді табуға болады.
Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалында 20 жылға жуық ғылыми жұмыспен айналысқан жылдарда «Археология және этнография» секторын басқарып, оның мамандарымен бірге археологиялық және этнологиялық экспедицияларға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жылдарда «Тоқтау» (Тоққала), «Мекхер қала, «Қуаныш қала», «Мыздахан кешені», «Назым сұлу мавзолейі», «Сұлтандүздаг», «Қарақұмишан», «Дәуітатақ» және т.б. тарихи-мәдени ескерткіштерде жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысты. Әйгілі С.П. Толстов, Т.А. Жданко басқарған Хорезм кешенді археология және этнографиялық экспедицияларына ұзақ жылдар қатысып, мол тәжірибе жинаған Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Қарақалпақстанда археологиялық және этнографиялық жұмыстардың табысты жүруіне өзінің сүбелі үлесін қосқан ғалым.
Ғалым Қарақалпақстанды мекендеген көпұлтты халықтардың этнографиясын зерттеу үшін арнайы этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, жоспарланған аудандар бойынша дерек жинап, олардың нәтижесінде әр жылдарда жазылған ғылыми есептерді (ҒЕ) Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан филиалының кітапхана қорына тапсырып отырған, олардың қатарында: «ҒЕ -1956, 420 б.»; «ҒЕ – 1957, 360 б.»; ҒЕ – 1958, 100 б.»; «ҒЕ – 1960, 450 б.»; «ҒЕ – 1961, 195 б.»; «ҒЕ – 1962, 226 б.»; «ҒЕ – 1963, 115 б.» және тағы басқа жылдардағы ғылыми есептер бар.
Аталмыш ғылыми есептер мен жиналған архивтік құжаттарда Хорезм ойпатын мекен еткен көпұлтты халықтардың саяси, экономикалық, мәдени мұралары туралы құнды этнографиялық деректер топталған. Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің археологиялық және этнологиялық зерттеулер кезінде жинаған архив материалдарының көпшілігі күні бүгінге дейін жарыққа шыққан жоқ. Оларды жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізу болашақ ұрпақтың үлесі.
Профессор