Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім. Рыскелді Мырзабекова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім - Рыскелді Мырзабекова страница 5
1904 жылдың 8-ақпанынан 9-ақпанға қараған түні жапондардың басты флоты Порт-Артурға тұтқиылдын соққы берді. Жапондар орыстардың бірнеше ірі әскери кемелерін суға батырып жіберді және гаваньды тығыз блокадаға алды. Сонымен бір мезетте жапондар орыстардың Қытай мен Корея порттарында тұрған бірнеше әскери кемелерін суға батырды және кейбіреулерін басып алды. Содан кейін Маньчжур майданы мен қоршаудағы Порт-Артудың маңында құрлықтағы әскери қимылдар басталды. Орыстардың ай сайын Маньчжурияға 30 мың әскер жібергеніне қарамастан, орыс әскерлері Ляолян мен Мукден түбінде жеңіліске ұшырады. Тынық мұхит флотына Петербургтен көмекке жіберілген орыс эскадрасы әлемнің жартысын айналып өтуге мәжбүр болды. Бұл эскадраны адмирал Макаров басқарды. 1905 жылдың мамырында адмирал Макаровтың флагман кемесі теңіз минасына соғылып суға батып кетіп, Макаров бүкіл штабымен қаза тапты. 1905 жылдың 27-28 мамырында Цусима бұғазында жапон флоты орыс эскадрасын талқандады. Орыстардың бүкіл флоты су түбіне кетті, тек бірнеше жүрдек кемелер ғана қоршаудан сытылып шықты. Бұл кемелер бейтарап суларға барып паналады. Ел ішіндегі халық наразылығынан сескенген патша үкіметі АҚШ-тың араласуымен жапондармен бейбіт келісім жасауға мәжбүр болды.
1905 жылғы Портсмут шарты бойынша Ресей Ляодун жартыаралын, Оңтүстік Сахалинді Жапонияға берді және Кореядағы өз мүдделерінен бас тартып, Маньчжуриядан әскерлерін шығарды. Порт-Артур және Кореяның Чемульпо портында суға батырылған орыс кемелері, соның ішінде әйгілі «Варяг» крейсерін жапондықтар су бетіне көтеріп шығарды. Бұл кемелер жөндеуден өткізілген соң жапон флотында ұзақ жыл қызмет етті.
1. Кап колониясы қашан құрылды. Колонияның қандай ерекшеліктері бар?
2. Ағылшын-бур соғысы барысында ағылшындар бурларға қатысты қолданған шараларды атап беріңіз.
3. Алғашқы империалистік қақтығыстардың басты себебі не?
4. Отаршылдықтың ортақ заңдылықтары мен негізгі нұсқалары қандай болды?
§ 2. Капиталистік қатынастардың дамуы жағдайындағы ауыл шаруашылығы
Отарларда капиталистік плантациялық шаруашылықтың қалыптасуы. Шығыс елдерінің негізгі шаруашылығы ауыл шаруашылығы болды. Ауыл шаруашылығымен халықтың үштен екі бөлігі айналысты. Отаршыл елдердің аграрлық секторды қалыптастыру әдістері сан алуандығымен ерекшеленді. Бірақ олардың барлығы екі бағытта топтасты. Біріншісі отаршылдықтың даму барысында жерге жеке меншіктің дамуы және жерді жалға беру, помещиктік тұрпаттағы ірі өндірістер құру. Екіншісі плантация түріндегі ірі өндірісті орнықтыру. Шетелдік плантациялық шаруашылық өзге шаруашылықтармен