Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов страница 41
1970 жылдардың соңында елдің қоғамдық-саяси өмірінде еуропоцентризм басым болды, кеңестік республикалардың тарихы 1917 ж. басталады деген ой насихатталды. КСРО халықтарының дамуында орыс мәдениеті басым рөл атқарды деген үдеріс ұлттық тарихтың ұмытылуына, тарихи жадтың жоғалуына алып келді, кеңестік кезең тарихын дәріптеу жүргізілді. 1954 ж. Ташкентте өткен сессия қазақ жерлерінің қосылуының прогрессивті маңызын көрсететін тұжырымдаманың бекітілуіне жәрдемдесті. Сессияда осы тұжырымдаманың дайындалуына әсер еткен Орта Азия мен Қазақстанның революцияға дейінгі тарихы мәселелері қарастырылды. Алдымен, осы өлкенің әр түрлі нақты тарихи жағдайларда және әр түрлі жолдармен Ресейге қосылуы жүз жылдан астам уақытқа созылғандығы белгіленді. Ұлттық республикалар тарихшыларының бұл қосылуда Ресейдің алдыңғы қатарлы экономикасы мен демократиялық, революциялық, қоғамдық-саяси ойының әсерінен халықтардың саяси, экономикалық және мәдени дамуының прогрессивті маңызын бағалаудағы пікірлері ортақ болды. Осылайша, мәселенің тарихнамасы дамуының келесі кезеңі қосылудың ерікті түрде болғандығын негіздеумен, прогрессивті нәтижелерді көрсетумен және отарлау саясатын бағалаудағы қатты сынамау ұстанымымен сипатталады (Г.Ф. Дахшлейгер, В.Я. Басин, Т.Ж. Шойынбаев)59.
1980 жылдардың соңы Кеңес Одағының ыдырауымен басталды, демократиялық қайта құрулар мен ұлттық жаңғыру үдерістері өткенге деген қызығушылықты арттырды, қайта зерттеуді қажет ететін қазақ тарихындағы «ақтаңдақтар» анықталып, көптеген мәселелер, соның ішінде Ресейге қосылу мәселесі жаңадан қарастырыла бастады. 1990 ж. шілдеде «Отарлау жағдайындағы ұлтық қозғалыстар: Қазақстан, Орта Азия, Солтүстік Кавказ» атты дөңгелек үстел өтті. Ғалымдардың баяндамаларында қосылудың жағымсыз салдары туралы және қазақ қоғамының шынайы тарихын жазуға қажетті жаңа методологиялық ұстанымдарды іздеу қажеттігі мәселелері көтерілді. Осы уақыттан бастап «қосылу» терминімен қатар «жаулап алу», «кіру» және «бағыну» сияқты терминдер ғылыми айналымға қайта кірді. Белгілі тарихшы И.В. Ерофеева әр түрлі кезеңдердегі кеңестік тарихшылардың жұмыстарына талдау жасай келе, маркстік-лениндік методологияның бекітілуі жағдайында осы мәселені дайындау қоғамдық ғылымдарда сыни меңгеріліп, революцияға дейінгі тарихнаманың көптеген жетістіктерін асыра бағалаумен жалғасты деді60. 1990 жылдары Ресей империясына қосылудың нәтижесінде тәуелсіздіктен айырылу фактісін зерттеу және талдау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Тарихшылар қазақ хандарының Ресей үкіметіне баруының себептерін зерттеді, бұл тарихи үдерістің барысы мен салдарын, сонымен қатар мәселенің тарихнамалық аспектісін қарастырды.
1990
59
Сулейменов Б.С., Басин В.Я. Казахстан в составе России в ХVIII – начале ХХ века. – Алма-Ата, 1981. – 247 с.; Тулепбаев Б.А. Плоды великой дружбы: (К 250-летию добровольного присоединения Казахстана к России). – М., 1982. – 48 с.; Шоинбаев ТЖ. Добровольное вхождение казахских земель в состав России. – Алма-Ата, 1982. – 279 с.
60
Ерофеева И.В. Экономические связи Казахстана с Россией в русской историографии XVIII первой половины XIX века // Вопросы историографии и источниковедения Казахстана (дореволюционный период). – Алма-Ата, 1988. – 262 с.