Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап. Қанат Жойқынбектегі
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - Қанат Жойқынбектегі страница 24
– Таймас аға, денсаулық қалай?
– Құдайға шүкір, отырмын ғой…
Шоңның қасындағы орысты көріп, «Бұл бірге жақсылық оймен келе жатыр ма, әлде жамандық оймен жүрген орыс па» – деп сұрады.
– Таймас аға, оны өзім де білмейін…
– Білмесең неге ертіп жүрсің?
– Ояз тапсырған, содан кейін мен не істеуім керек?..
Шал сәл үндемей қалды да, кемпіріне қымыз алғызды. Кемпірі үлкен екі шараяқты толтырып қымыз әкелді. Шоң әуелі қасындағы серігіне берді. Екіншісін өзі алды. Таймас отырып, «Шоң, бүгін осында қон, мал сойғызайын» – деді.
– Ағасы, асығып барамын, тағы бір реті келгенде келіп қонармын. – Шоңды Таймас шалдың айтқан әңгімелері қызықтыратын. Қазақтың өткен-кеткен тарихын жақсы білетін. Сан рет қона жатып естіген. Бір ғажабы, бұл үйдін кемпірінің қолынан шыққан қымыз ғажап дәмді болатын. Шоң екі-үш рет Әйімкүлді Таймастың кемпіріне ертіп келіп қымыз дайындауды үйреткен еді. Шоң қонағына қазақ қымызының дәмін осы үйден көрсетуді ойлап әдейі алып келген.
Қымыз ішкен соң олар жүріп кеткен. Былай шыққан соң Шоң сізге қымызы ұнады ма деп сұраған конағынан.
– Қандай екенін білмеймін. Денсаулыққа жақсы болатыны туралы дәрігерлер айтқан соң, іше беремін. Карбышев әкелген қымыз ащылау еді. Ал мына үйдікі тұщылау ма, айыра алмай қалдым. Дегенмен, дәмді екен.
– Бұл кісінің бәйбішесі қымыз ащытуды біледі. Сондықтан жақсы. Ал үй иесі аристократ адам. Бұл уезде бұдан өткен аристократ жоқ!
Карповке Карбышев киргиздардың барлық аристократтары ақ киізбен жабылған үйлерде тұрады деген. Ал мына болыс ақ киізді үлкен үйге апармай, лашыққа әкелді. Көңілін мазалап кеткен сұрақты қойды.
– Бұл кісі киргиздардың аристократиясына жатса, неге нашар тұрады?
– Нағыз аристократ осы кісі. Бұл кісі атақты би болған. Сол міндетінен өзі сұранып шығып кетті. Қоңырқұлжа дуанбасы болып тұрғанда. Казір бұл кісіге билік айтуды сұрап ешкім келмейді. Бір кезде Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, кейін ақыл сұрап осы биге келген. Сонда бұл кісі оған, сен бәрібір жеңілесің, патшамен келісімге кел депті. Сол сөзі үшін барлық малдарын айдап әкетіпті. Екі баласы бар еді, оларды да зорлап Кенесары алып кеткен. Олардан осы уақытқа дейін хабар жоқ. Сірә, соғыста өліп қалған болуы керек. Қыздарын алған құдалары бар. Олар қазір бұған қарамайды. Бұл да оларды ұнатпайды. Бұл адам өзінше тіршілік кешіп жатқан адам.
– Аянышты өмір кешіп жатыр екен. Мынадай адамды мемлекеттік жұмысқа тарту керек ғой.
– Бұл кісі патшаның жүргізіп отырған саясатын да жақтырмайды. Сондықтан Карбышевке ұнамайды. Және өмір бойы төрелермен айтысып келеді.
Карпов