Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап. Қанат Жойқынбектегі
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - Қанат Жойқынбектегі страница 20
– Бауырым-ау, өз алдына бір-бір ауыл болып қалған қазақ оған көне ме? -деді Лау.
– Заман өзгеріп барады, бүгінгі тіршілігіміз ертеңге жарамайды. Сол себепті, бәрін жағдайға байланысты ұйымдастыру керек. Басқа амал жоқ. Мына үш туысқанды ояз алдына апара жатырмын. Осыларды би сайлап, осылар маған көмектесе ме деген үміттемін.
Лау жабыса кетті.
– Бізден де би сайламайсың ба? Мен болсам қартайдым. Мысалы менің төрт баламның біреуін…
– Леке, би санын көбейткенмен ештеңе бітпейді. Және оны орыстар жасатпайды. Сіздің осы сөзіңізден бір кемшілікті байқап отырмын. Менің балаларымның біреуін дейсіз… Кұлымбетте сіздің балаларыздан басқа мықты жоқ па?
Лау Шоңның мына сөзіне сасып қалған ыңғайы бар. Содан кейін сәл үнсіз қалып барып айтты:
– Шырағым, Шоң, әркімнің көйлегі өз денесіне жақын дейді. Менің сөзім содан шығып отыр ғой. Бұл сөзің дұрыс. Құлымбеттен өзің таңдап сайла ендеше.
– Леке, қазіргі танда Құлымбетте сізден асқаны жоқ. Сіздің ұрпақтарыңыздан да сіздей адамдар табылар. Баяғыда Кенесарымен де тіл табысып едіңіз ғой. Келген орыстармен де тіл табысатын балаларыңыз бар шығар. – Шоңның бұлай айтуының сыры бар еді. Өткен жолы Шоң Ақмолаға барғанда ояз реніш білдіре айтқан болатын: «Шоң Телкозинович, анау Нұра бойына көшіп барған орыстар мен қазақтар жиі жанжалдасатын көрінеді. Соны қойғыз» деген. Бұлар тура Қараталға келген орыстар еді. Үш-төрт үй балықшылар болатын. Солармен Лау балалары жанжалдасқан ба, ояздың айтып отырғаны сол еді. Әйтпесе, осы жолы Құлымбеттерден де біреуді ала бармақ ниеті бар еді. Орыс балықшыларының көңіл-күйіне байланысты бұл жолы Құлымбеттерден би сайлауды кейінге қоя тұрған еді. Бәрібір ояздың өткізбейтінін білген. Осы арада Шоң үндемей отырып қалған. Лау оның мұнысын жақтырмады. Содан кейін сөз бастап кеткен:
– Бауырым, сен әлгінде Кенесары жайында айтып өттің ғой, қанша дегенмен ол өзіміз емес пе? Ал мына орыстың діні бөлек, тілі бөлек халық қой. Бұлармен сөйлескенде ұғыса алмай қаламыз. Содан дау туындап кетеді.
– Леке, ұғыса алмай қаламыз деген артық сөз. Орыс келді, олармен қайтсе де түсінісуіміз керек. Орыс Кенесарыны жеңді де, енді іргемізге кіріп алды. Енді одан құтыла алмайсыз. Артық кетпей, солардың айтқанын да тыңдауымыз керек.
– Бұл орыстарыныз қызық көрінеді. Малдарды бізге қарай жаймаңдар дегенді шығарып жүр.
– Жаймаңыздар десе, жаймаңыздар!
– Сен болыс болған соң соларды жақтан отырсың ғой.
– Менің сіздерге айтып отырғаным, орыстармен дау қазаққа ешқандай пайда бермейді. Түбінде солардікін дұрыс деп шығарады бастықтар. Леке, бізде ешқандай күш жоқ, билік соларда. Ал әділін айтсақ, орыстар да тыңдайды. Олай болмаса, біздің сөзіміздің оларға бес тиындық құны жоқ. Не істесек де солармен келісіп істеуіміз қажет. Орыстармен жанжалға бармау керек. Біз одан ұтпаймыз, ұтыламыз. Басқа амал жоқ.
– Шоң,