Ел Шоңы. Бесінді. III кітап. Қанат Жойқынбектегі
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Ел Шоңы. Бесінді. III кітап - Қанат Жойқынбектегі страница 18
– Бұл дастархан басында жасы менен де үлкен ақсақал отыр. Мына басты сол ұстасын! – Шапыраштардың аулынан алып келген төре шалының алдына қойды. Ол басты ұстамай койды.
– Шоң бауырым, екі халықты татуластыратын сөз айтып отырсың. Үлкендікте тұрған ештеңе жоқ. Әр нәрсенің өзінің жолы бар. Алыстан келдің. Сен ұста, – деп шал басты өзіне қарай сырғытып қойды. Ана алыстағы ауылдан сүйретіліп келген шалға Шоң риза еді, қайтсе де төре шалына басты ұстатқысы келіп отыр еді. Өзі аяғымен жүре алмайды. Бүкіл қазақ Шапыраштардың ішінен суырылып шығып, барамын дегеніне риза еді. Осы арада басты ұстамауға бір сылтау керек болды. Содан кейін айтқан:
– Менің әлі әкем тірі. Мен басты ұстамаймын. Орта жүзде сондай тәртіп бар…
– Әкең қандай бақытты адам. Сендей баласы бар, – деді қырғыздың бір шалы отырып. – Әкең әлі де сенің қызығыңды көре берсін! —деді де, әлгі шал басты төре шалдың алдына қойды. Бір үйден соң бір үй шақырып, ақыры қырғыздар қоймаған соң Шоң бір үйден басты ұстауына тура келді.
Көрші жатқан қырғыздар ауылы естіп одан да адамдар келген еді. Амалсыздан онда да барды. Орта жүз адамдарының келуі бір үлкен тойға айналып кеткендей еді. Ақыры қазақтардың қасында еріп жүрген казак-орыс реніш білдірді. Бұл бітпейтін не қылған қонақтаулар. Біздің генерал іздеп жатқан болуы керек, қайтамыз деді. Шоң оның айтқан сөзін қырғыздарға аударып беріп отырып:
– Біз орыстарға тәуелді болып қалған адамдармыз. Сондықтан мыналардың айтқанын жасаймыз. Басқа амал жоқ. Әйтпесе, сіздердің көңілдеріңіздің бізге қаншалықты адал екенін жақсы түсіндік. Соған ризамыз.
– Шырағым, сол сіздер кешкен жағдайды біз де өткелі отырмыз. Орыстар қазаққа жүргізген билікті қырғызға да жүргізетін сияқты. Оған сәл уақыт керек.
– Мына сөзіңде шындық бар. Орыстан ешқайда барып құтыла алмаймыз. Ең дұрысы, ауыз бірлігі жойылмасын. Қазақ пен қырғыз соны түсінсін, – деді Шоң.
– Мына сөзден артық сөз жоқ, бауырым. Әр уақыттта жақсы күйде кездесіп жүрейік, – деді кырғыздың үлкен ақсақалы.
Қырғыздар өзара ақылдаса келіп әрқайсысына бір-бір ат, бір-бірден айып шапанын кигізбек болды. Бұл туралы айтқанда, Шоң оған келісе қоймады.
– Көңілдеріңізге рахмет! Біз айып-шапан алайық деп келген жоқпыз. Ертеңгі күні онымызды естісе Арқада жатқан қазақтар жанжал шығарады. Біз ешнәрсе де алмаймыз. Қазақтардың қаны тамған жерге құран оқуға келдік. Екіншіден, Сіздер Кенесарының құнын ешқандай айып-шапанмен төлей алмайсыздар. Ол – хан. Оның құнына бүкіл қырғыздың байлығы жетпейді. Өйткені, үш жүздің адамдары оны хан етіп сайлады. Оған әуре болмаңыздар. Мына отырған киіз үй қазақтың да, қырғыздың да бас қосатын ортақ жері болсын. Әр уақытта осының ішінде туысқандық көңілмен бас қоса берейік. – Шоңның шын көңілден айтқан сөзіне ешқайсысы