Мәдени антропология. Әлия Масалимова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Мәдени антропология - Әлия Масалимова страница 11
«Тарихи қауымдастық» түсінігі кең мағынада қолданылады, яғни ол дегеніміз ортақ тарихы бар, ұзақ уақыты бойында қоғамдық тәжірибе қалыптастырған, сонымен қатар топтық стереотиптердің қалыптасуына негіз болған көптеген жекеленген тәжірибе элементтері бар адамдардың түрлі топтары.
«Дәстүр» және «мәдениет» терминдерін талдай отырып, аталмыш терминдердің белгілі бір теоретикалық контексте синонимдік мағыналарының жақындығын аңғаруға болады. «Традиция» латын тілінен аударылғанда – «беру», «айту» деген мағыналарды білдіреді. Термин атауында оның негізгі функциясы көрініс тапқан, яғни алғашқы ұрпақ тәжірибесін келесіге жеткізу, беру. Күрделі қоғамдық құрылым бола отырып, дәстүр қоғамдық сананың түрлі деңгейлері мен түрлерін қамтиды, соңында, қоғамдық қарым-қатынастарда көрініс тауып, идея, көзқарас және сезімдерден адамдардың, қоғамдық топтардың, кластардың практикалық іс-әрекеттеріне өзіндік «көпір» жүргізеді.
«Мәдениет» термині арқылы біз тарих үшін бір-ақ рет болатын, кездейсоқ құбылыстарды анықтамаймыз, керісінше адамзат үшін немесе кез-келген масштабтағы әлеуметтік қауымдастық үшін маңызды дәстүр негізінде жинақталған тәжірибені білдіреміз. Басқаша сөзбен айтсақ, «мәдениет» құбылысты білдірсе, «дәстүр» – оның қалыптасу, таралу және қызмет ету механизмдерін білдіреді.
Сонымен, мәдени дәстүр дегеніміз – қазіргі шақтың өткен шақпен байланыстарының жүйесі, осы жүйенің көмегімен белгілі бір іріктелу үрдісі, тәжірибе түрлері қалыптасып, стереотиптердің таралуы жүзеге асады, олар өз кезегінде қайтадан жаңғырып отырады.
Жалпы мәдениет тәрізді дәстүр де ұжымдық жады болып табылады. Алайда, «жады» түсінігі дәстүрді қоғамдық құбылыс ретінде толық қамти алмайды, себебі қайта жаңғыру мәселесі назардан тыс қалып, алдыңғы қатарға сақтау және ұстап тұру мәселелері шығады. Дегенмен де қайта жаңғырусыз дәстүрдің болуы мүмкін емес, сонымен қатар жады түсінігінде пассивті элемент болса, дәстүр белсенділік, ұзақ мерзімділік, тәжірибені үздіксіз беріп отыру дегенді білдіреді.
Қоғамның мәдениетсіз өмір сүре алмайтындығы сияқты, қоғамды дәстүрсіз елестету мүмкін емес. Түрлі қоғамдар бір-бірінен біреулерінің архаикалық, «дәстүрлі», ал екіншілері замануи, «дәстүрлі емес» деген сипаттармен емес, өздерінің дәстүрлерінің мазмұнымен, таралу жылдамдықтарымен, сақталу жолдарымен ерекшеленеді.