Институционалды экономика. Ғалия Даулиева
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Институционалды экономика - Ғалия Даулиева страница 5
Неоинституционализмнің үшінші ерекшелігі олар оппортунистік мінез-құлықтың орын алуын мойындайды. Осы ұғымды ғылыми қолданысқа енгізген О. Уильямсон оппортунистік мінез-құлықты «опасыздыққа дейін жеткізетін өз мүддесін көздеу» ретінде анықтайды. Әңгіме өзіне алған міндеттемелерді бұзудың кез келген формасы туралы, мысалы, келісімшарттың міндеттемелерін өтеуден жалтару. Пайдалылықты максималдайтын жеке тұлғалар өздеріне пайда алатын жағдайда оппортунистік мінезқұлық көрсете бастайды (айталық, аз көлемде және сапасыз қызмет көрсету). Неоклассикалық теорияда оппортунистік мінезқұлық орын алмайды, себебі жетілген ақпаратқа ие болудың өзі оны жоққа шығарады.
Осылайша, неоинституционалистер неоклассикалық мектептің (толық рационалдылық, жетілген ақпаратқа қол жетімділік) жеңілдетілген алғышарттарынан бас тартады және экономикалық агенттердің жоғары трансакциялық шығындар, нашар анықталған меншік құқықтары және сенімсіз келісімшарттар, тәуекелге және белгісіздікке толы әлемде іс-әрекет ететіндіктерін көрсетеді.
Жаңа институционалды теория бірнеше бағыттардан тұрады, оларды мына тәсілмен топтастыруга (О. Уильямсон жіктемесі) болады:
1. Өндіріс пен айырбас үдерістері жүзеге асатын институционалды ортаны зерттеу бағыты: а) қоғамдық таңдау теориясы (Дж. Бьюкенен, Г. Таллок, М. Олсон және т.б.) қоғамдық ортадағы қатынастарды реттеу ережелерін зерттейді; б) меншік құқықтары теориясы (Р. Коуз, А. Алчиан, Г. Демсец) жеке ортадағы қатынастарды реттеу ережелерін зерттейді;
2. Уәкілеттік (агенттік) қатынастар теориясы контрактілік негізде экономикалық уәкілдер (агенттер) жасайтын ұйымдастыру формаларын зерттейді (У. Меклинг, М. Дженсен).
3. Трансакциялық ұстаным тұрғысында экономикалық ұйымдарды қарастыратын теориялар (Р. Коуз, Д. Норт, О. Уильямсон). Уәкілеттік қатынастар теориясынан ерекшелігі, мұнда контрактілердің бекітілу сатысы емес, олардың орындалу сатысы басымырақ қарастырылады.
Жаңа институционалды теорияның пайда болуы экономика ғылымында трансакциялық шығындар, меншік құқығы, контрактілік қатынастар сияқты ұғымдардың пайда болуымен байланысты. Трансакциялық шығындардың экономикалық жүйе жұмысындағы маңыздылығын түсіну Рональд Коуздың (1910 ж. туылған) «Фирма табиғаты» (1937) мақаласынан басталады. Дәстүрлі неоклассикалық теория нарықты жетілген механизм ретінде қарастырды, онда мәмілені жүзеге асыру шығындарын есепке алудың қажеттілігі болмады. Алайда Р. Коуз экономикалық субъектілер арасындағы әрбір мәміле кезінде мәміле жасауға байланысты шығындар, яғни трансакциялық шығындардың пайда болатынын көрсетті.