өзінде франктерде жылжымалы мүлікке жеке меншіктің бар болғандығын және оны заңның қатал қорғағандығының айғағы. «Салика заңы» әлі де болса жерге жеке меншікті білмейтін еді. Әрбір деревняның шеңберінде тұрғындардың ұжымы – қауымның негізін құрушы егіншілер сол жердің меншік иелері болып табылатын. «Салика заңы» көне замандағы мәтініде көрсетілгендей Галлияны жаулап алғаннан кейінгі алғашқы дәуірдің тұсында франк қауымдары көлемі жағынан әртүрлі және өзара бір-бірімен жақын туыс жанұялардан құралған қоныстар болып табылады. Бұлар көбінесе туысқан үш ұрпақтың – әкесінің және балаларының бірлесіп шаруашылық жүргізіп отырған үлкен жанұя болды. Мұнымен қатар «Салика заңы» франктердің арасында шағын дара жанұяның пайда бола бастағанын да дәлелдейді: мысалы, тұрғын үйлер мен үй маңындағы жер бөліктері сол кездің өзінде ақ жеке-жеке үлкен және кіші жанұяның жеке меншігінде, ал егістік және шабындық үлестер олардың мұрагерлік жеке пайдалануларында болған. Әдетте бұл үлестерді қоршаумен қорғап, оларға бөтен біреулердің кіруінен, зорлық-зомбылық жасауынан айыптар салумен қорғап отырған. Мұрагерлік үлестерге емін-еркін иелік құқығы жеке жанұяға емес, қауымның барлық мүшелеріне берілді. Франктердің жерге жеке меншігі V ғасырдың аяғында үлкен жанұяның ыдырап, олардан кіші жанұяның бөлініп шығуларының нәтижесінде пайда болды. Мұны «Салика заңының» «Аллодтар туралы» тарауының мазмұны толық дәлелдейді. Бұл тарауға сәйкес жылжымалы мүлікке қарағанда жер мұралану салты бойынша атадан балаға көшіп отыруға немесе сыйлыққа тартылуға тиісті болды. Өлген қожайынның ұлдары болмаған күнде оның жері қауымның билігіне көшіп отырды. Мұны король Хильбериктің «Салика заңының» жоғарыда аталған тарауына өзгерту енгізу жөніндегі эдиктісінен айқын көруге болады. Бұл өзгерту бойынша өлген қожайынның ұлдары болмаған күнде оның жерін туған қызы немесе өлген адамның аға-інісі, апа-қарындасы мұраға алуға тиісті болды. Мұнымен қатар қауымның өз меншігіндегі емес, мүшелерінің жеке пайдалануларындағы және өзінің бақылауына жататын жерлерге де бірқатар құқықтары болды. Деректерге қарағанда франктердің егіншілік кәсібінде «ашық танап жүйесі» болса керек. Егінді жинап алғаннан кейінгі барлық егістік үлестер және шабындық үлестер ортақ жайылымға айналдырылды және бұл уақытта оларды қоршаған шарбақтар алынып тасталынды. Парға арналған жерлер де ортақ жайылым ретінде пайдаланылды. Мұндай тәртіп қауымның барлық мүшелері үшін ауыспалы егістің болуын аңғартады. Үй маңындағы шаруашылық пен егістік және шабындық үлестерге кірмейтін жерлердің бәрі де ортақ иелікте қала берді. Қауымның әрбір мүшесінің осы пайдаланатын жерлерден алатын тең үлестері болды. «Салика заңының» кепілдігіне қарағанда франк қоғамының шаруашылық және әлеуметтік ұйымының негізі болған қауым V-VІ ғасырларда егіншілік қауымнан, көршілес қауым – маркаға өткен. Бұл қауым маркада енді шағын жанұялардың үлестік жерге жеке меншіктігі үстемдік етті, ал орман-тоғаймен бос жатқан жерлерге жайылымдарға қауымдық меншік