Орта ғасырлар тарихы. Рыскелді Мырзабекова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова страница 22
Уақыт өте келе бұл ережелерді сақтау тоқтатылып, бенефиция мұрагерлік жолмен пайдалануға айналды және ІХ-Х ғасырлар шенінде феод яғни әскери қызметінің міндеттерін атқарумен байланысты жерді мұрагерлік жолмен ұстаушылық сипатын ала бастады. Карл Мартелл жерді сыйлыққа үлестіріп беруді мейлінше кең қолданды. Осы сыйлықтарға қажет жер қоры тәркіленген жер болды. Бұл жерлер таусылған кезде шіркеу жерлерін мемлекет меншігіне айналдыру есебінен көптеген бенефицияриларға жер үлестіріп берді. Бұл шаралар шіркеу тарапынан күшті наразылық туғызды. Бенефициялық жүйені нығайту мақсатымен шіркеу жерлерінің бір бөлігін пайдаланумен қатар ол белсенді түрде христиан дінін кеңінен таратты және шіркеуді өз өкіметін нығайтудың құралы ретінде пайдалана отырып, өзінің бағындырылған жерлерінде шіркеу қызметкерлерінің баюларына көмектесті. Бұл реформаны жүзеге асыра отырып, Карл Мартелл өзінің саяси мақсаттарына жетуді көздеді. Король жерлерінің қорын титықтатқан аллодтық сыйлықты бенефициялармен алмастырып жаңғырту арқылы ол бүлікшіл ірі феодалдарды таққа мықтырақ байлаймын деп үміттенді, бенефициялық жүйенің көмегімен шаруалардың құлдырап кері кеткен жаяу жасағының орнына соғысқа жарамды атты әскер құруды ойлады. Бұл кезде атты әскер шешуші рөл атқара бастаған еді.
Бенефициялық реформаны жүзеге асыру арқылы Карл Мартелл орталық өкіметтің позицияларын нығайтуға тырысты және жүзеге асырды. Бірақ реформаның әлеуметтік нәтижелері анағұрлым маңызды болды. Біріншіден, ол ұсақ және орташа феодалдардың қалыптаса бастаған тобын нығайтты, бұлар маманданған жауынгерлер ретінде атты әскер жасағының, тіпті бүкіл әскери ұйымның негізі болып табылды. Олар болашақ рыцарьлардың негізін құрушылар еді. Сонымен бірге франктердің ертедегі жаяу жасағының негізін құрған шаруалар енді негізгі әскери күш ретіндегі маңызынан айырылды және мемлекеттегі құқықтық жағдайы да айқын байқалды.
Екіншіден, жерді сыйлыққа берудің мейлінше кеңінен тарауы феодалдық жер меншігін барынша нығайтып, шаруаларды одан әрі басыбайлыларға айналдырды.
Үшіншіден, бенефициялық тартулар, бенефицияны беруші мен алушының арасындағы жер мәселесі жөніндегі байланыстарды және олардың арасындағы вассалдық қарым-қатынастарды орнатуға көмектесті. Сонымен, феодалдық мемлекеттің бенефициялық реформасы франк қоғамын феодалдандырудың нәтижесі бола тұра, қоғамдағы феодалдық қатынастарды нығаюына мүмкіндік туғызды.
§ 3. Франк мемлекетіндегі феодализмнің қалыптасуы мен дамуы
VІІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында франк мемлекетінде жерге байланысты төңкеріс жасалды. Ол феодалдық құрылыстың негізі – феодалдық жер меншігінің толық қожалығын орнатты. Үлкен ірі феодалдардың шаруалар үлестерін басып алуы ІХ ғасырдың басында жаппай сипат алды. Ерікті шаруаларды тәуелділікке