Орта ғасырлар тарихы. Рыскелді Мырзабекова
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова страница 23
Вилла – антикадан келген жер қожалығы, ол ерте орта ғасырларда да сақталып келді. Бірақ осы кездегі «вилла» әкімшілік бірлікті құрды. Оның негізгі бөлігі манс болды (шаруа үлесі, бұл термин 600 жыл шамасында қолданылып келді). Манс арендаторлық пен басқа да манстық, лендік ұстанушылары төлейтін оброк, антикалық кездегі уақыттан мұра ретінде қалған тікелей салық болып табылатын салықтық жүйенің базасы. Бұл үлес франк мемлекетінің шығыс бөлігінде «гуфа» деп аталынды.
Бенефиция енді мәңгілік мұрагерлік жолымен пайдалануға айналды және ІХ-Х ғасырлар ішінде феод (лен) сипатын ала бастады. Феодты архиепископтар, епископтар, аббаттар, аббатистер, герцогтер, маркграфтар, графтар бере алды. Феодты алушылар «кіші вассалдар» деп аталынды. Алғашқы кезде билік король қолында болды. Феодты қай уақытта алса да өзі білді. Кейін феод бір жылға ұйғарылды, уақыт өте келе вассалдың өмірлік үлесіне айналды. Азаматтық құқықтарды сақтауда «компенсация» жүйесі болды. Ол франк заңдарында кең көрініс тапты. Қылмыстық кек қайтаруларды болдырмау үшін өлген адамның жанұясына «адам құны» (wergeld) деп аталатын ақшалай компенсация төленді. Компенсация жасалған қылмыстың көлеміне ғана емес, оның әлеуметтік жағдайына, жасына, жынысына қарап төленді. Ер құны бұл жүйеде жоғары болды, король нөкері мүшесінің құны қарапайым, жай адамдардан жоғары тұрды.
Каролинг монархиясының ұлан-ғайыр ғимараты ІХ ғасырға қарай сыртқы жаулардың соққысынан, жаңа жаулаушылардың және ішкі дезинтеграция күшінен тез құлай бастады. 943 жылы Людовиг қайтыс болғаннан кейін, оның балалары Верденде жиналып, империяны қайтадан бөлісу жөнінде шарт жасасты. Бұл қайта бөліс сол кездегі Каролингтік империяның шеңберінде қалыптаса бастаған француз, герман және итальян халықтарының орналасу шекараларына сәйкес келгендіктен, Верден іс жүзінде қазіргі Батыс және Орталық Еуропаның үш мемлекеті – Франция, Германия, Италия ретінде қалыптасуының негізін қалады.
Тарау бойынша сұрақтар:
1. Март алаңы – ежелгі германдықтардың халық жиналысы өтетін орын – тингтің сарқыншағы. Тингтен Март алаңының қандай ерекшелігі бар?
2. Салий заңынан үзінді алып, франктердің өмірі туралы эссе жазыңыздар. Жанұя, тұрмыс жағдайы, сот атқару тәртібі мен жазалау, әдет-ғұрыптар, т.б. туралы әңгімелеңіздер.
3. Картадан Хлодвиг мұрагерлері кезінде Франк корольдігінің қалай өскендігін көрсетіңіздер?
4. Неліктен Италияда остготтар мен римдіктер арасында синтез процесі жүзеге асқан жоқ және франктер мен галл-римдіктер арасында бұл процесс неге жылдам дамыды?
5. Салт атты әскер құру мен жер пайдаланудағы өзгерістердің арасында қандай байланыс бар?
6. Бүкіл христиан-католиктердің басшысы бола тұрып, папаға жеке мемлекет неге қажет деп ойлайсыздар?