Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов страница 50
ХІХ ғасырдың аяғындағы түркі халықтары арасында жәдидшілдік қозғалыс барысы жандана түсті. Бастапқыда, Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасқан бұл қозғалыс, кейіннен Орта Азиядағы барлық түркі халықтары арасында жалғасын тапты. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері И. Гаспринский, Ш. Маржани, А. Ибрагимов, М. Абдурашидханов, М. Бехбуди, Ф. Ходжаев, т.б. қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алды және өздерінің ағартушылық бағыттағы күрес барысын патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы бағыттады. Жәдидтік қозғалыстың жандануы «жаңа әдісті» мұсылмандық медресе, мектептердің көптеп ашылуына алып келді. «Жаңа әдісті» жақтаушылар жаңа оқу бағдарламасына география, тарих, есеп, жаратылыстану, орыс тілі сияқты пәндерді енгізуді қажет деп тапты. Жалпы, жәдидшілер «еуропалық оқу жүйесін» оқытуды қалады. Бұл «еуропалық оқу жүйесіндегі» жобаны ХІХ ғасырдың соңында СанктПетербург университеті шығыстану факультетінің оқытушысы Хұсайын Файызханов ұсынған болатын. Онда татарлардың арасында осы оқу жүйесіне қарсылық туындамас үшін шариғат сабағы мен араб тілін де оқытуды қалдыру мәселесін қойды.
ХІХ ғасырдың соңында аталмыш жоба татар медреселерінде кеңінен қолданылды және Қазақстанда ашылған мұсылман оқу орындары да осы тәртіпке бағындырылды. Жәдидтік қозғалыстың көшбасшыларының бірі И. Гаспринский оқу орындарында діни сабақтармен қатар жағрафия, математика, тарих, биология сияқты пәндердің аса қажеттігін дәлелдей отырып, ескі қадімшілдіктен жаңа жәдидшілдікке көшуді ұсынып, «Тәржіман» газеті арқылы осы жолды насихаттады.
Қазақстандағы патша әкімшілігінің шенеуніктері арасында қазақ халқының сауатын ашуда бастауыш білім берумен, яғни орыс жазуын, әсіресе ауызша сөйлесе білуді және арифметиканың алғашқы төрт амалын үйретумен ғана шектелу жеткілікті деген түсінік үстем болғанын атап өту керек. Орыс үкіметінің осындай кертартпа саясатының нәтижесінде Қазақстанның жалпы орта білім беретін оқу орындарында орыс емес ұлт балаларының өте шектеулі бөлігі ғана оқыды.
Бақылау сұрақтары:
1. Ресей империясының Қазақстандағы білім жүйесіне қатысты жүргізген ісшараларына талдау жасаңыз.
2. ХІХ ғасырдың аяғындағы түркі халықтары арасында жәдидшілдік қозғалыстың жандануының себебін түсіндіріңіз.
3. ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі Қазақ даласындағы еуропалық үлгідегі мектептер туралы не білесіз?
4. Қазақстанның табиғатын зерттеуге бағытталған экспедициялардың мақсаты мен міндеттерін анықтап беріңіз.
5. Мұсылман мектептерінің оқытушыларының