Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов страница 10
Алғашқы дәстүрлі шаруашылыққа бейімделген экономиканың өркендеуіне бәрінен бұрын табиғи-климаттық өзгерістер себепші болды. Климат ылғалы аз, таза құрғақшылыққа қарай ауысты. Ұзақ уақыт бойы бір жерде тұрақтаған Батыс және Орталық Қазақстанның тайпалары су жинаудың жаңа әдісін – құдықты ойлап табады.
Тұрғындардың қоғамдық құрылысы мен отбасылық-некелік қатынастарында да елеулі өзгерістер көрініс бере бастады. Қола дәуірінде экономиканың басты екі бағытының, мал шаруашылығы мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануының күшеюіне, әлеуметтік өмірдегі ірі өзгерістерге жетеледі. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде теңсіздік орнады.
Айта кетер бір маңызды мәселе, қола дәуірінде Сібірдің, Оралдың, Қазақстанның және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын шығу тегі және тарихи тағдырлары ортақ болып келетін туыстас тайпалар мекендеді және бұлар өздерінен кейін қайталанбас үлгідегі төл мәдениеттерін қалдырды. Осындай ерекше мәдениеттің ошағы Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андронов ауылынан табылғандықтан ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталады. Мұндағы қазба жұмыстарды 1913 жылы Б.Г. Андриянов жүргізді. Ал 1927 жылы археолог М.П. Грязнов Батыс Қазақстанда осыған ұқсас обаларды тауып, андронов мәдениетінің ескерткіштері шығыста Минусинсктен бастап батыстағы Оралға дейін таралғанын анықтады. Кейінірек андронов ескерткіштері Оңтүстік Қазақстанда да, Жетісуда және Орта Азияда табылды.
Андронов мәдениетінің белгілері және Қазақстандағы этномәдени ерекшеліктері. Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі Қазақтан аумағында болды. Археологиялық деректер андроновтық тұрғындардың басым көпшілігі отырықшылық өмір сүргенін байқатты. Олардың қоныс-мекендері кең жайылымды шалғынды өзендердің жағалауларында орналасқан. Патриархаттық отбасылардың тұрғын үйлері үлкен жертөлелердің жанында шаруашылыққа қолайлы құрылыстар мен мал қамайтын қашалар салынған жерде болды. Андронов кезеңімен байланысты металдардан жасалған еңбек құралдары, тұрмыстық заттар, қару-жарақтар мен сәнді бұйымдар: ұңғысы бар, дүмі шығыңқы балталар, сағасында ойығы бар пышақтар, балға-шоттар, найзалар мен жебелердің өзгеше ұштары, білезіктер, айналар, моншақтар және түрлі ілмешектер адамдардың тұрмысында көп таралды.
Андронов тұрақтарын басқа тайпалардан айыратын мәдениеттің ең басты этнографиялық белгілері жерлеу ғұрпы, геометриялық өрнегі бар қыш ыдыстардың өзіндік жиынтығы, формасы бар металл бұйымдар болып табылады. Андронов тайпалары тұрқы әр түрлі тас қоршаулар түрінде зираттар тұрғызды: олар тік бұрышты, дөңгелек, және сопақша болып келеді. Кейде, мысалы, Орал өңірінде