Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов страница 9
1989-1990 жж. Батыс Қазақстанның Атырау облысында неолиттік тұрақтар табылған: Шатпақкөл, Құлсары 1-5, Шаңдауыл, Қыземшек, Қайнар, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды және т.б.
Қазақстан аумағында әзірге бірнеше ғана неолиттік обалар табылған, әсіресе, олар Солтүстік Қазақстанда шоғырланған. Обалардың бір де біреуінде жердің үстіңгі қабатында белгілері жоқ. Барлық молалардан сүйектермен қоса садақтың ұшы табылды, бұл әскери ұрыстардың жиі болғандығын көрсетеді. Жер астындағы молада керамика аз табылған, ал кейбіреулерінде мүлдем жоқ.
Балықшылар мен аңшылар дүниесі шеңберінде болған мәдени-шаруашылық байланыстар археологиялық материалдарда шоғырланды. Ол Орталық Азияның солтүстік аймақтарында өмір сүрген келтеминар мәдениетінің тайпаларында анағұрлым нақты көрініс тапты. Мұның айқын дәлелі Оңтүстік, әсіресе, Батыс Қазақстанның тайпаларынан байқалады. Ежелгі үзіліссіз байланыстардың ізі солтүстік, солтүстік батыс, Орал аймақтары мен Батыс Сібірге дейінгі ұлан-ғайыр аумаққа таралып, кремний құралдарының ерекше түрі мен қыштан жасалған орнаментті ыдыс-аяқтарда нақты көрініс тапты.
Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы тайпалардың мәдениеті Орталық Азияда өмір сүрген тайпалардың мәдениетіне өте ұқсас болды, сонымен қатар алтайлық және Байкал жағасындағы жаңа тас ғасырының тайпаларына анағұрлым жақын келді.
Мәдени дәстүрлердің өзіне тән ерекшелігі мен өзгешелігін сақтай отырып, Қазақстандағы неолит дәуіріндегі тайпалар көршілес жатқан аудандар мен облыстардағы өзге тайпалармен де тығыз байланыста болған.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Қаратау бөктерінен табылған ашель кезеңіне қатысты ескерткіштерді атаңыз.
2. Алғашқы адамдар арасында таралған көне діндерді атап беріңіз.
3. Тас дәуірін зерттеген қазақстандық ғалымдардан кімдерді білесіз?
4. Қазіргі Қазақстан аумағынан табылған неолиттік ескерткіштердің саны:
5. Ботай мәдениеті Қазақстанның қай өңіріне таралған?
§ 2. Қазақ жері қола дәуірінде
Қазақ жеріндегі қола дәуірінің мекендері. Қола дәуірі – адамзат тарихындағы аса маңызды мәдени-тарихи кезең. Ол қоладан жасалған еңбек құралдарының, қару-жарақтардың, әшекей бұйымдардың және түрлі тұтыну заттарының кең таралуымен сипатталады.