Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов страница 24
Б.з.б. VІІ-ІV ғасырларда Еуразия далаларын мекендеген сақ-скиф тайпалары батысында Дон өзені мен Қара теңіз жағалауларынан бастап, шығыста Байкал көліне дейінгі аралықты, ал оңтүстігі Әмударияның сағасынан солтүстікке Батыс Сібір ойпаты аралығын мекендеген. Өз заманында бұл тайпалар шығыста орналасқан Мидия, Лидия мемлекеттерімен, кейіннен УІ ғасырларда қалыптасқан парсы империясымен тығыз байланыста болды. Б.з.д. 558 жылдар шамасында Кир II парсы патшасы ретінде билікке келген соң, 550 жылы Мидияны жаулап алып, сол елдің патшаларының лауазымдарын иеленеді. Сонымен бірге ол мидиялықтардың мемлекеттік басқару жүйесі мен мәдениетін қабылдайды. Сол себепті де көптеген ежелгі халықтар парсыларды мидиялықтар деп атаған. Мидияны жаулап алғаннан кейін Кир патша Парфияны өзіне бағындырады. Б.з.д. 546 жылы ол Вавилон мен Египеттің көмегіне қарамастан Лидияны жаулап алады. Сонымен бірге Кир 545 пен 539 жылдар аралығында Дранжананы, Маргиянаны, Хорезмді, Согдиянаны, Бактрияны өзінің империясының құрамына қосады. Осылайша Кир маңайындағы елдерді бағындырғаннан кейін, Вавилонға қарсы аттанады да, б.з.д. 539 жылы Вавилон Кирдің алдында тізе бүгеді. Өзі жаулаған аймақтардағы бүкіл сауда жолдарын қолына шоғырландырған Кир ендігі жерде өз империясының құрамына Египетті қосқысы келеді. Ол Египетке аттанбас бұрын, өз империясының оңтүстік шығыс бөлігін қауіпсіз ету үшін Орталық Азиядағы сақтарды тыныштандырмақшы болды. Бұдан бөлек Кирдің сақтарға қарсы соғыс ашуының себептеріне қатысты басқа да пікірлер бар. Енді сол мәселелерге назар аударайық.
Ежелгі шығыс тарихында «Парсы империясының солтүстік шығыс бөлігінде орналасқан көшпелі тайпалардың жасаған шабуылдары Ахемен империясының тұрғындары – отырықшы иран халқына зиян келтіріп отырғандықтан Кир патша қарсы әрекеттер жасауға мәжбүр болды», – деп көрсетіледі. Кирдің сақтармен қақтығысқа баруын бір ауыз сөзбен түсіндіре салу қиын. Парсы патшасының бұл іс-әрекетін бірнеше тұспалдаулар арқылы салыстыра қарастырған жөн.
Біріншіден, Кирдің алыс жорыққа аттану үшін өз елінің ішінде саяси тұрақтылық болуы керектігін жақсы түсінді. Өзіне көршілес жауынгер, көшпелі сақ тайпалары тұрғанда Кир патша елін тастап, алыс сапарға аттана алмады.
Екіншіден, Орта Азиядан қоныс аударған көшпелі тайпалардың Мидияны жаулап алып, Алдыңғы Азияда 28 жыл бойы билік құрғаны тарихтан белгілі. Бірақ көшпелілер өздері жаулаған отырықшы елдердің тұрмысына үйренісе алмай, 28 жылдан кейін отандарына қайта оралады. Кирдің сақтарға қарсы жорығы бір ғасыр бұрынғы көшпелілерге отырықшылардың кеткен еселерінің жауабы тәрізді болды. Сақтар иеленген территорияны өз еліне қосу, Кирдің бүкіл «әлемді бағындырамын» деген логикасының бір ұшықтары еді.
Бірақ сақ тайпаларының сол замандағы халықтардан үлкен артықшылығы болды. Ол – Көшпенділердің әскери өнерінің теңдесі жоқ жоғары дәрежеге көтерілуі еді. Сақ жауынгерлері өз заманында батырлық пен ержүректіліктің, қайсарлық пен әскери шеберліктің үлгісіне айналған.