Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов страница 33
Иә, үзіндіден байқап отырғанымыздай, кезінде Едіздер байырқылармен бірге жүрген, алайда олар байырқылар тәрізді қуатты тайпа бола қоймаған. Сондықтан да олардың басшысы Едіз Сетей Шығыс түрік қағанатын билеуші түрік Бөгі шорға (Қапаған қағанға) келіп тізе бүккен. Осы Едіздердің кезінде шығыстағы телектер жерінде он бес тайпа қатарында жүргендерін төмендегідей жолдардан аңғарамыз: «Телек – асылы ғұнның бір тармағы. (Таң Гаузу заманы) Удының (618-626) алғашқы жылдарында Сір-енда, Қыбыт, Құйғыр, Тыба, Құрықан, Теленгіт, Бүркіт, Байырқы, Тоңра, Ғұн, Сегет, Қоқсар, Қығыт, Едіз, Ақ септер Маңғар шөлдің теріскейіне бытырап қоныстанады. Олар түгелімен Телек ұлысына қарады». Алайда кейініректе жаңа Сір-енда одағына біріккен Байырқы, Адйе (Едіз) және т.б. телек тайпаларымен оларға туыстас түркі тайпаларының арасындағы қарым-қатынас мүлде нашарлап кетті. Оның үстіне 745 жылдан бастап Құйғырлардың күшеюі телек тайпаларын мүлде ыдырата түсті. Осындайда олардың батысқа қарай жылжу үдерістері басталды.
Едіздерге байланысты тарихи деректердің шынайылығы еш күдік туғыза қоймас. Алайда Адйе (Едіз) деген этнонимнің біз әңгімелеп отырған Адай атауына жақындығы дәлелдене қойған жоқ.
Керісінше, «Адай» этнонимін «Дай» атауынан шығаруға тырысатындардың пікірлері сенімдірек естіледі. Бұл істің бастауында белгілі қазақ ғалымы С. Аманжолов тұр. Өзінің зерттеулерінде кезінде оның былай деп жазғанын білеміз: «Нам кажется, что адаи относятся к древным даям, которые упоминаются рядом с саками или массагетеми у древнегреческих географов и историков Страбона и Геродота; по их рассказам даи во ІІ в. до н.э. жили у берегов Каспийского моря. Возможно, это название возникло из огузского ада (остров) – адаи (островяне)»49. Кезінде осы мәселемен арнайы айналысқан және С. Аманжоловтың жоғарыдағы пікіріне қолдау жасаған қазақстандық В.В. Востров былай деп жазған еді: «Как нам кажется, вполне допустима версия, что даи (дахи) являются далекими предками рода адай»50.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. «Дай» этнонимі мен дай сақтарының шығу тегі туралы не білдіңіз?
2. Дайлардың географиялық орналасуы туралы деректер мен тарихи зерттеулер не айтады?
3. Аде, Адйе дегендер кімдер?
4. Дай сақтары мен адайларды байланыстырушы факторлар туралы не айта аласыз?
§ 5. Үлкен сақ ордасы (Массагеттер)
«Массагет» атауы туралы. Зерттеушілер «Массагет» атауын ежелгі грек жазбаларынан алған. Массагеттер дегеніміз – ежелгі грек авторларының айтуынша Арал бойын, Амударияның және Сырдарияның жағалауларын, Үзбойдың аймақтарын мекендейтін тайпалар бірлестігі
48
Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары). 2-кітап. – Алма- ты, 2006. – 217-б.
49
Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алма-Ата, 1959. – Ч. 1. – 160 с.
50
Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ-начало ХХ в.). – Алма-Ата, 1968. – 84 с.