Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер. Канат Нуров
Чтение книги онлайн.
Читать онлайн книгу Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер - Канат Нуров страница 31
Және бұл туралы И. Ерофеева кездейсоқ жағдайда болды десе де (ол кездейсоқ емес еді, Ұлы Жүздің қазақтары өздерін шынымен де қырғыз-қазақтар деп атаған), ұғым ресми іс жүргізуде және кейін қоғамда өте тез орнығып, тез тарады, өйткені шатасудан қашуға мүмкіндік берді. Петрдан бұрынғы Русьте қазақтарды казак деп атаған. Және егер қазіргі кездің өзінде кейбір тарихшылар белгілі құжаттарда осы екі халықтың қайсысы жөнінде әңгіме болып жатқанын түсіне алмай отырса, XVI–XVII ғғ. географиялық білімдері өте шектеулі мәскеу шенеуніктерінде қандай қиындықтар туғызғанын әбден түсінуге болады. Қазіргі кездің қазақ ұғымы Кеңес үкіметі алғашқы жылдарының термин тудыру тәсілінің компромистік нәтижесі болды. Ол кезде билік басындағылар қазақ халқына өз тарихи атауын қайтып беруге және осымен қатар ыңғайсыз жағдайға түсіп қалмауға тырысқан. Бірақ шығыс халықтар тілдерінде осы күнге дейін әңгіме қазақтар жөнінде, немесе Дон казактары жөнінде бола ма, жалғыз-ақ «казак» сөзі қолданылады. Және тек нақтылау үшін ғана казактар орыс казактары деп аталуы мүмкін. Осы ұғымдардың бір-біріне теңдігі ғалымдардың зейінін қазақ пен казактар тарихының біркелкілігі мәселесіне баяғыдан тартқан, бірақ көптеген субъективті және ғылымға қатысы жоқ жағдайлар бұл бағыттағы салмақты зерттеулер үшін көбінесе жағдай тудырмаған. Алайда, қазақылықтың тарихы мен мәдениетін түсінбей, Қазақ хандығының тарихын толық ұғыну беймүмкін. Әдетте, қазақ этнонимі XV ғ. екінші жартысында Урус ханның ұрпақтары, сұлтандар Жәнібек пен Керей Қазақ хандығы деп аталып кеткен өз ұлысын құрғаннан кейін пайда болды деп саналады. Соның дәлелі ретінде «Тарихи Рашидидан» мынандай үзінді келтіріледі: «Ол кезде Дешті Қыпшақты билеген Абулхаир хан еді. Ол Жошы ұрпағы сұлтандарына көп тиіскен болатын. Жәнібек хан мен Кирай хан одан Могулистанға қашты. Исан Буга хан оларды ақ пейілмен қарсы алып, оларға Могулистанның батыс шетіндегі Шу мен Қозы Башиді берді. Олар құтты тірлік етіп жатқанда, Абулхаирдің өлімінен кейін Өзбек ұлысы бұзылып, онда көптеген бүліктер басталды. Оның бодандарының көп бөлігі Кирай хан мен Жәнібек ханға көшті, сөйтіп олардың саны екі жүз мың адамға жетті. Оларды орнықты түрде өзбек-қазақ деп атайтын болды. Қазақ сұлтандары билігінің басы – сегіз жүз жетпісінші жыл (1465–1466 жж. – Авт. еск.). Бірақ қазіргі ғылыми әлемде каноникалық сипат алған бұл хабар сол жылдардың оқиғаларына сәуле түсірудің орнына, жауапсыз қала беретін қосалқы сауалдар тудырады. Мысалы, Могулистанға барудан бұрын әлгі сұлтандар қайда болды екен? Жәнібек пен Керей белгілі бір кезеңге дейін Абулхаирға берілген боп жүре берген деген көп авторлардың пікірлері ешбір қайнаркөздермен расталмайды.